Halyq Uni логотип
×

Қазақ ақындарын қытай тіліне аударған қаламгер: «Шетелдегі қазақ ақын-жазушыларын марапаттау қажет»

Әкбар Мәжитұлы бірқатар қазақ әнін қытай тіліне аударған

 Ая Өміртай 11.10.2023 | 11:10
Қазақ ақындарын қытай тіліне аударған қаламгер: «Шетелдегі қазақ ақын-жазушыларын марапаттау қажет»
Фото: Halyq Uni

Астанада өтіп жатқан Отандастар форумында Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы, аудармашы Әкбар Мәжитұлы шетелдегі қазақ ақын-жазушыларын Қазақстанда әдеби сыйлықтармен марапаттау қажеттігі туралы айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қытайдағы ең ірі әдеби журнал «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы болған ол 11-12-ші рет шақырылған Қытай мемлекеттік парламент депутаты, парламенттегі Ұлт-дін істері комитетінің мүшесі болған.

«Күздің жанға жайлы күнінде, Астанада өткен бүгінгі шетел қазақтарының жай-күйіне арналған келелі кездесуге қатысқанымды мақтаныш етемін. Мен, Әкбәр Мәжитұлы, Қытайдың Бейжиң қаласынан келдім, қытай тілінде қалам тербейтін жазушы, редактормын. Кезінде Қытайдағы ең ірі әдеби журнал «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы болдым. 3 рет Бейжиң қаласының парламент мүшесі, 11-12-ші рет шақырылған мемлекеттік парламент депутаты, парламенттегі Ұлт-дін істері комитетінің мүшесі болдым. Менің Саяси мәслихат кеңесінде талқылауға қойған 4 ұсыныс жобам Қытай Халық Республикасының мемлекеттік заңына айналды. Аудармашы ретінде 20 жыл бойы аударған «Абай ғақлиялары» мен Абай өлеңдері 2020 жылы Шыңжан әдебиет-көркемөнер баспасынан «Абай» атты кітап болып шығып, оқырмандармен жүздесті. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2-дәрежелі Достық орденімен марапатталдым, бұл да Қытай-Қазақстан екі ел халқы арасындағы достықтың символы деп білемін. Осыған орай, мен президент мырзаға шын жүректен алғысымды айтып, өскелең құрметімді білдіремін», - деді ол форумның салтанатты ашылуында. 

Әкбар Мәжитұлы аудармашы ретінде 2022 жылы Қытай мен Қазақстанның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқандығының 30 жылдығы қарсаңында ұлы Абайдың «Айттым сәлем қаламқас» сынды 3 әнін, Шәмші Қалдаяқов бастаған қазақ ақындары мен композиторлардың 30 әнін қытай тіліне аударған. 

Бұл әндер қытай тыңдармандардың қызу қолдауына ие болды. Қытай мен Қазақстан арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени байланыстар күшейіп келеді. 2013 жылы 7 қыркүйекте төраға Ши Жинпиң Назарбаев университетінде тұңғыш рет жаңа Жібек жолын көркейту мәселесін, «Бір белдеу, бір жол» жолдамасын Астана қаласында жариялаған еді. Биыл осы бастаманың әлемге жарияланғанына 10 жыл толды. Екі ел басшылары ортақ келісімге келіп, Қытай мен Қазақстанда жеке-жеке мәдениет орталықтарын құрды. Бұдан басқа, екі ел мәдениет қайраткерлері бірге кино түсіріп, екі елдің әдебиет туындыларын аударды. Бұл іс-шаралардың барлығы «Халық тілегін тоғыстыру» бастамасы аясында жасалуда. Осы орайда, қытай-қазақ мәдениет, әдебиет, өнер, білім, оқу саласындағы байланыстарды да жандандыру, жаңарту қажеттілігі туындауда. Биыл «Отандастар қоры» шетелдегі қандастарымыздың шығармаларын қазақ тілінде шығару  мәселесін қолға алыпты. Өте құптарлық жағдай. Осы ретте шетелдегі талантты қазақ ақын-жазушыларының мерекелі, айтулы күндерін де Қазақстанда атап өтіп, оларды мемлекеттік әдеби сыйлықтармен марапаттау қажет деп ойлаймын. Өз кезегінде Қазақстандағы белгілі, көрнекті қаламгерлерді де Қытайдың мемлекеттік әдеби сыйлықтарымен марапаттау екі елдің мәдени байланыстарын одан әрі нығайтатына сенімім мол,  - дейді қаламгер. 

Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан форумға шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары, белсенділері, жанашырлары және шетелдегі ғылым, білім, мәдениет, бизнес, медиа, саясат сынды басқа да салалардың көрнекті өкілдері мен белгілі қайраткерлері келді.

Форумның мақсаты – шетелдегі қазақ ұйымдарымен өзара түрлі ынтымақтастық мәселелерін талқылау; еліміздің жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясатымен және саяси-экономикалық реформаларымен, сондай-ақ ұлттық руханиятқа қатысты заманауи трендтермен таныстыру; шетелдегі қазақтарды қолдауда Қазақстанның жүргізіп отырған саясаты, шетелдегі қазақ жастарын Қазақстанда сапалы білім алу және өз қабілеттерін іске асыру, сондай-ақ елге көшіп келетін қандастарға мемлекет тарапынан қабылданып жатқан қолдау шаралары туралы ақпараттандыру.

Шара аясында «Ел дамуындағы қандастардың рөлі», «Отандастардың интеллектуалдық әлеуеті – ұлттық құндылықтарды ілгерілету драйвері», «XXI ғасырдағы қазақ тілі және бүгінгі мүмкіндіктері», «Медиа және заманауи трендтер» тақырыптары бойынша сессиялар және «Отандастар Қоры» КеАҚ жаңа жобалар тұсаукесері мен «Тайқазан» форумның қорытынды сессиясында өтеді.

Форум «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Форумның бас серіктесі – «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама