Қазақстан - өз азаматтарын шұғыл қайтарып алған жалғыз ел
Эвакуацияланған қазақстандықтар елге ұшып келгеннен кейін Израильдегі жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform.
Астана қаласының тұрғыны Айгүл Әбдікерова немересімен Израильге қыдырып барған. Ол жерде бір ай болған.
Осыдан бір ай бұрын Герцлия қаласына немерем екеуіміз қыдырып барған едік. Ол жақта қызым мен күйеу балам тұрады. Олар сол елде жұмыс істейді. Сегізінші қазан күні қайтуым керек еді, соғысқа байланысты рейстер тоқтатылды. Ойламаған жерден соғыс басталып кетті. Сирена ойнаған кезде, бомбадан қорғанатын жерде тығылып отырдық. Қорқыныш болды. Бізді қиын жағдайға қалдырмаған Қазақстанның Израильдегі елшілігіне, арнайы рейс ұйымдастырған әуе компаниясына рахмет айтқым келеді. Сол кісілердің арқасында елге аман-есен оралдық. Алайда, қызым мен күйеу балам сол жақта қалды. Енді соларды уайымдап тұрмын, - деді Айгүл Әбдікерова.
Тел-Авивтен ұшып келген қазақстандық Артур Ковалевский өз елін шексіз мақтан тұтатынын айтты.
Біз соңғы уақытқа дейін ұрыс аймағынан тез кетеміз деп үміттендік, өйткені мен ешқашан мұндай нәрсені сезінген емеспін – сиренаның жағымсыз даусы, жарылыс өте қорқынышты. Қателеспесем, Қазақстан - өз азаматтарын шұғыл қайтарып алған жалғыз ел. Чат, бәрі-бәрі дереу ашылды. Онда министрліктің, Air Astana-ның қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсетті. Сол үшін де алғысымыз шексіз. Өз елімді өте мақтан тұтамын, - деді ол.
Сондай-ақ, келгендердің арасында «Болашақ» бағдарламасы аясында тағылымдамадан өтуге барған стипендиаттар бар.
Айнұр Омарова Израильдің Хайфа қаласына бірінші қазан күні оқуға барған. Медицина саласы бойынша білімін жетілдіруге аттанған дәрігерлер санаулы күн ғана білім алды.
«Мен «Болашақ» бағдарламасы бойынша Хайфа қаласына тағылымдамадан өту үшін 1 қазанда бардым. Бәрі жақсы басталып еді, бірақ 10 күннен кейін осындай жағдайға тап болдық. Төтенше жағдайға байланысты елден кетуге мәжбүр болдық. Бәрі ойдағыдай болып, сол жерге қайтамыз деп үміттенеміз. Өйткені, Израильде медицина өте жақсы дамыған», - дейді Айнұр Омарова.
Семей қаласынан Израильге барған Үміт Желдібаеваның айтуынша, жергілікті халық бас сауғалайтын жер таппай жатыр.
Семейден «Болашақ» бағдарламасы бойынша үш айға Израильдің Хайфа қаласына оқуға бардық. Негізі менің тағылымдамамның бітуіне үш апта уақыт қалған еді. Осы қақтығысқа байланысты бізді отанымызға қайтарды. Төбеден ұшып жатқан ұшақтар мен сиренаның дауысы, гуілі үрей тудырды. Израильдегі Қазақстанның өкілетті және төтенше елшісі бізге жақсы көмектесті. Пәтеріміздің алдына дейін келіп, алып кететін көлік ұйымдастырып берді. Қорқынышты жағдайды көзбен көрдік. Халық бас сауғалайтын жер таппай жатыр», - деді Семей қаласынан Израильге барған Үміт Желдібаева.