×

Тоқаев премьер-министрді бір апта ішінде екінші рет қабылдады

Президентке әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру жайы баяндалды

 Халық үні 14.12.2021 | 17:00
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Асқар Маминді қабылдады. Президентке еліміздің биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары, инфляциямен күрес, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берілді.

Асқар Мамин Қазақстанның экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделіп, экономикалық өсімнің қарқынды дамып келе жатқанын айтты. 11 айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ 3,8 пайызға артқан.

Президентке биылғы қаңтар-қазан айлары аралығындағы сыртқы сауда айналымының көрсеткіштері туралы мәлімет берілді. Премьер-министрдің мәліметіне сәйкес сыртқы сауда көлемі 82,2 миллиард долларды құрады. Бұл былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 14,1 пайыз артық. Сонымен қатар экспорттың көлемі 23,5 пайызға көбейіп, 49,1 миллиард долларға дейін жеткен. Ал өңделген тауарлардың экспорты 24,4 пайызға артқан. Сауда теңгерімі 16 миллиард долларға жеткен.

Мемлекет басшысына азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыру, инфляцияға қарсы іс-қимылдың кешенді шараларын жүзеге асыру жөнінде баяндалды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, соның ішінде халыққа вакцина салу жұмыстарының қарқыны туралы мәлімет берілді.

Асқар Мамин Президентке сыртқы және ішкі инвестицияларды тарту ісін күшейтуге, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыруға, өңірлерді дамытуға, өңдеу секторының өсімі есебінен экономиканың құрылымдарын одан әрі әртараптандыруға бағытталған шаралардың жүзеге асырылу барысы туралы айтты.

Мемлекет басшысы Асқар Маминді соңғы рет 8 желтоқсанда қабылдап, Қазақстандағы ұлттық халық санағының алғашқы нәтижесі туралы білген. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама