Енді маңызды жобалар ғана республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуы мүмкін
Депутат Еділ Жаңбыршин жобалар қымбаттағанда барлық ауырпалықты жергілікті бюджетке жүктеуге болмайтынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінде жаңа Бюджет кодексінің жобасы таныстырылды. Отырыста Еділ Жаңбыршин барлық ауырпалықты жергілікті бюджетке жүктемеуге болмайтынын атап өтті.
Қазақстанда бюджет қаржынысының жетіспегеніне қатысты біраз мәселе бар. Мен Үкімет көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға ерекше мән беруі керек деп санаймын. Мамандардың айтуынша, біріншіден, бізде әлі де 30%-ға дейін көлеңкелі экономика бар. Екіншіден, бізде импорт тым жоғары, яғни жылына 52 млрд доллар. Бұл бағыттағы жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай жатыр, - деді Мәжіліс депутаты.
Ол жаңа кодексте енгізілгелі отырған «Жобалар қымбаттағанда оны жергілікті бюджет қаржыландыру керек» деген норманы тағы қарастыру керегін атап өтті.
«Түзетуге тоқталайын. Бәрін жергілікті бюджетке беріп тастау керек дегенмен келіспеймін. 15 млрд теңгеге бағаланған кейбір жобалар 40 млрд теңгеге дейін жеткен. Мұны жергілікті бюджет өзі жалғыз көтере алмайды. Соның салдарынан тиісті тапсырмалар орындалмай қалады», - деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, жобалар қымбаттағанда қаржыландыруды 50/50 қағидаты арқылы іске асыру керек: республикалық және жергілікті бюджет есебінен.
Жоспарлауға тоқталайын. Елімізде кейбір жобалар қымбаттап кетеді. Бастапқыдағы жобадан бірнеше есе өсіп кеткен жобалар бар. Біздің ойымызша, жаңа Бюджет кодексінде осы жүктемені республикалық және жергілдікті бюджет тең көтеруі керек, - деді депутат.
Жаңа Бюджет кодексінің жобасын таныстыру барысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин республикалық бюджеттен қаржыландыруға тек еліміздегі ауқымды әрі аса маңызды жобалар енгізілгенін айтты.
Ал қалған жобалар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Бұл тұрғыда жергілікті бюджетті нығайтып, салықтардың бір бөлігін сол жаққа аударамыз. Осы орайда жобалар қымбаттағанда бұл кірістер қосымша шығындарды жабуға мүмкіндік береді. Жоспарлау процесі оңтайландырылып, мақсатты индикаторларға қойылады, - деді министрдің орынбасары.