«Жалғыз болған». ІІМ Ұлттық ұлан қызметкерінің қазасына қатысты мәлімдеме жасады
Тергеу барысы ерекше бақылауда
ІІМ-де Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің қазасына байланысты мәлімдеме жасалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, 9 қазанда түнгі сағат 01:00-де Ұлттық ұлан 6636 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметкері қатардағы Сұлтанов кезекші бөлімшенің құрамында бола тұра, бекітілген штаттық қарумен өзін-өзі бастан атып, қаза тапқан еді.
Орталық өңірлік әскери-тергеу басқармасы өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Оны тергеу тәжірибелі қызметкерлерден құрылған жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазір оқиға орны қаралып, сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Айғақтар, атап айтқанда қаза тапқан әскери қызметкердің ұялы телефоны мен бейнебақылау камераларының жазбалары алынды. Тергеу барысында қатардағы Сұлтановтың оқиға орнында жалғыз болғаны анықталды. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және тергеудің жан-жақтылығын қамтамасыз ету үшін Сұлтановтың әскери әріптестерінен, оның командирлерінен, басқа адамдардан жауап алу, сондай-ақ тиісті кешенді сараптамалық зерттеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жәбірленуші жақтың уәждері де толық тексеріледі. Алдын-ала тергеу нәтижелері бойынша оқиғаға құқықтық баға беріледі. Тергеу барысы ерекше бақылауда, – деді ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы Серікбай Құсайынов.
Бұдан өзге ақпарат тергеу мүддесінде Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.