×

Шымкентте қалта ұрысы автобус жолаушыларына 2 млн теңгеден астам шығын келтірген

Ол бұған дейін бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған

 Еркеғали Болатұлы 10.10.2023 | 16:26
фото: the-warsaw.com

Шымкент қаласы Тұран аудандық полиция басқармасының жедел уәкілдері ұрлықтың бірнеше дерегіне қатысы бар 39 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

Ол қоғамдық көліктерде жолаушылардың ұялы телефоны мен әмиянын ұрлаумен айналысқан. Бір айда ондаған азаматтың қалтасына қол сұғып, оларға 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген.

Зардап шеккендердің бірінің айтуынша, шағын автобус ішінде жол ақысын төлеп жатқанда күдікті оның қалтасынан смартфонын суырып алып, ізін суытқан. Тағы бір арызданушының қалтасынан құжаттары мен қолма-қол ақшасы бар әмиянын алып, келесі аялдамадан түсіп қалған.

Белгілі болғандай, ұсталған азамат бұған дейін бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған.

Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеушілер оның қатысуымен жасалған ұрлық саны артуы мүмкін екенін айтады.

Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі («Бірнеше рет жасалған ұрлық») бойынша тергеліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама