Жарыс келесі жылғы дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындық
Таразда көкпардан ересектер арасындағы ҚР-ның XXII чемпионаты өтіп жатыр. Чемпионат Туризм және спорт министрлігінің күнтізбелік жоспары бойынша ұйымдастырылған, деп хабарлайды Halyq Uni.
Шараның мақсаты биылғы ең мықты көкпаршларды анықтау. Сөйтіп, құрама команданы келесі жылы өтетін дүниежүзілік көшпенділер ойынына дайындау.
Жарысқа еліміздің 15 өңірінен 180 шабандоз келген. Алайда мандаттық комиссияның шешімімен 171 спортшы жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ, БҚО, Абай, Алматы қаласы, ШҚО, Ақмола облысының командалары чемпионатқа келген жоқ. Әзірге топтық іріктеу ойындары өтіп жатыр.
Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаевтың айтуынша, келер жылғы дүниежүзілік көшпенділер ойынында спорттың 19 түрі қамтылмақ.
Оның ішіндегі ең маңыздысы, халықтың намысын жанитын осы көкпар ойыны. Сондықтан осы көкпар ойынын өз елімізде өткетін болған соң биіктен көрінгіміз келеді. Сондықтан дайындық жақсы болу керек. Оған жақсы көкпаршымен бірге, жақсы ат та керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұлттық спорт түрлерін олимпиадалық спорт түрлері деңгейіне жеткізуіміз керек. Сол мақсатпен 2024 жылы өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойынын Қазақстанда өткізуді де өзі сұрап алды, - дейді ол.
Оның сөзінше, оның бастапқы қадамы ретінде алдымен көкпарды дамытып жатқан басқа да түркітілдес мемлекеттер арасында ортақ ереже қалыптастыру керек.
Айта кетейік, 7-17 қазан аралығына жоспарланған чемпионаттың финалдық ойындары 16-қазанға қойылған. Жеңімпаз командаға Көкпар федерациясы тарапынан 3 млн теңге, ІІ орынға 2 млн теңге, ІІІ орын үшін 1 млн теңге жүлде табысталады. Сондай-ақ, чемпионат барысында жекпе-жек аттарының сыны да өтпек.