Дәулет Тұрлыхановтың ерлі-зайыпты заңгерлерді соққыға жыққан ұлына қатысты сот үкімі шықты
Ерлі-зайыпты заңгерлерге миллион теңге өтемақы төлейді.
Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың 20 жастағы ұлына қатысты сот үкімі шықты. Нұрасыл Болат алматылық ерлі-зайыпты заңгерлерді ұрғаны үшін миллион 700 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттелді, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Қоғамда үлкен дау тудырған төбелес осыдан он ай бұрын болған. Атақты спортшының ұлы бір қызды жұлқылап жатқанын көрген ерлі-зайыпты араша түспек болған. Әскери бөлімнен қашып, қыдырып жүрген сарбаз сабырға келудің орнына Черновтарға жұдырық ала жүгіреді. Алдымен отағасын төпелеп, кейін әйелді жағынан ұрып құлатады. Осы әрекеті үшін депутаттың кенже ұлы жеңіл жазамен құтылды десе де болады. Қасақана денсаулыққа орта дәрежедегі зиян келтіргені үшін тек айыппұл арқалады.
Ерлі-зайыпты заңгерлерге миллион теңге өтемақы төлейді. Адвокаттардың қызметіне кеткен 1 миллион 600 мың теңге де соның мойнында.
Судья Қорғаныс министріне жеке қаулы шығарды. Онда командирлердің мәжіліс депутатының баласын соншалықты еркелетіп еркіндікке жібергені айтылған.
«Әрбір тоғызыншы күні қатардағы жауынгер Нұрасыл Болатқа демалыс беріліп отырған. Ішкі қызметтің жарғысын бұза отыра екі күннен жұмыс күндері, оқу-жаттығу кезінде демалыс берілген. Мұндай демалыстар өзге әскерилерге берілмеген. Болатұлы командирлер тарапынан барлық жағдайын жасағандықтан тым еркінсіп кеткен. Қылмыстық жағдайдың болуына осы да әсер етті», - дейді Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Дихан Әлиасқаров.