Ол полицияны әбірге салған
Қарағандыда дәрігердің телефонынан қоңырау шалып, жалған ақпарат таратқан 17 жастағы науқас анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.
Полиция ғимаратты және оған іргелес аумақты толық тінтіп шығып, жарылғыш затты таппаған.
Тексеру барысында тәртіп сақшылары жалған қоңырау иесін тапты. Ол медицина қызметкері болып шықты.
Әйел телефонын палаталардың біріндегі үстелде қалдырып кеткен. Мұны пайдаланған жасөспірім полицияға хабарласып, ғимаратта бомба барын айтқан. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар осындай қоңырау Петропавлдағы SOS дабыл батырмасына да түскен. Ер адам қаладағы ғимараттардың бірін жарып жібергісі келетінін айтқан. Жалған ақпарат таратқан «телефон террорисі» ұсталды. Енді 44 жастағы ер адам жауапқа тартылады.
Айта кетейік, терроризм актісі туралы жалған хабарлама беру – қауіпті қылмыс. Мұндай әрекет үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша 17 млн 250 мың теңге (5 мың АЕК, 1 АЕК – 3 450 теңге) айыппұл немесе 5 жылға бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.
Бұл қылмыс түрі үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Сот шешімі негізінде шығындар мен жалған ақпараттың барлық залалы өтелуге тиіс.
Мұндай әрекетті бала жасаса, оның ата-анасы немесе заңды өкілдері жауапқа тартылады.