Израиль қорғаныс күштері барлық қаланы лаңкестерден азат еткенін мәлімдеді
Қазір ешбір қалада соғыс қимылдары жоқ
Израиль қорғаныс күштері (ИҚК) елдің бүкіл аумағындағы бақылауды қалыпқа келтірді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз хатшысы, контр-адмирал Даниел Хагари мәлімдеді.
Ол бүгінгі соңғы бірнеше сағатта Израиль әскерлері мен палестиналық содырлар арасындағы қақтығыстар күшейгенін айтты. Әскерилер алдымен Шаар-ха-Негев аймақтық кеңесінде 3 лаңкесті өлтірген. Сондай-ақ Беэреде 1, Холит пен Суфада 5, Алумимде 4 адам өлтірілген.
Даниел Хагаридің айтуынша, қазір ешбір қалада соғыс қимылдары жоқ.
Ауданда әлі де лаңкестер болуы әбден мүмкін, - деді контр-адмирал.
Сондай-ақ ол Израиль армиясының шекарадағы 24 қаланың 15-інен тұрғындарды эвакуациялағанын және жақын арада эвакуациялауды жалғастыратынын хабарлады. Алайда Сдерот қаласында эвакуациялау шарасы жүргізілмейді.