«Ізгілік жолы»: бұрын құқық бұзған жасөспірімдердің бірі 500 мың теңге жалақы төлейтін жұмысқа орналасты
Жобаға қатысқан 19 бала әртүрлі курстан өтті
Былтыр Әділет министрлігі Астана қаласы сотының бастамасымен кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау және әлеуметтік бейімдеу жөніндегі жобаны іске асыру мақсатында «Ізгілік жолы» қоғамдық бірлестігін тіркеді.
«Ізгілік жолы» жобасына қатысты 7 қыркүйекте Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Астана қаласының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жұмыс кездесуін өткізді.
Жиынға Астана қаласы сотының төрағасы Ақан Жұмағұлов, елорданың ювеналды сотының төрағасы Жанаргүл Алпысбаева, судья Лейла Зинашева, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов, Астана қаласы бойынша cот әкімшілігі департаментінің басшысы Елдос Жұмақсанов және «Ізгілік жолы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Анар Мұқашева қатысты.
«Ізгілік жолы» қоғамдық бірлестігінің жобасын Астана қаласының соты «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қолдауымен жүзеге асырып жатыр.
Жобаның негізгі мақсаты:
- кәмелет жасқа толмағандардың қылмысқа қандай себеппен барғанын және болашақта оған жол бермеу үшін не істеу қажет екенін түсіну;
- сотталғандардың қайта қылмыс жасауына жол бермеу және олардан қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін тиісті жұмыс механизмін құру.
Жиі кездесетін жағдайлар:
- отбасылардың материалдық жағдайының төмендігі;
- ата-аналардың маскүнемдігі және осыған байланысты туындаған психологиялық ауытқулар және балалардың тұрақты айналысатын ісінің (оқу, жұмыс) жоқтығы.
«Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловтың айтуынша, қазан айында жобаға кәмелет жасқа толмаған 19 бала (қылмыстық жауапқа тартылғандар – 12, әкімшілік жауапқа тартылғандар – 7) мен олардың ата-аналары қатысты.
Жоба аясында кәмелет жасқа толмаған үш бала оқу курсына қатысты (мобилография, моушн дизайны, бариста). 8 бала спорт секцияларына жазылды (әйелдер футболы, бокс, жекпе-жек, жеке жаттықтырушымен жаттығу залындағы сабақтар, фитнес, воллейбол). 3 бала тестілеу және емтихан тапсыру курсына жазылды. Кәмелет жасқа толмаған 1 адам алкогольге тәуелділіктен оңалту курсынан өтті. Екеуіне заң көмегі көрсетіліп, 1 бала кешкі мектептен жалпы білім беретін мекемеге ауыстырылды.
Енді соның нәтижесіне тоқталсақ:
- Олардың бірі сұранысқа ие моушн-дизайнер, тұрақты табысы бар – оның айлық табысы орташа есеппен 500 мың теңге. Енді ол ата-анасына материалдық көмек көрсете алады.
- Тағы бірі бариста курсын бітіріп, қазір кофеханада жұмыс істейді. Оған қалаған мамандығы бойынша колледжге грантқа түсуге көмек берілді.
- Психологқа жүгінген тағы бірі жастарға арналған спорт аяқ киімін сататын бизнес-жоспар әзірлеп, интернет-дүкенін дамытуды бастады.
«Ізгілік жолы» жобасы аясында тек кәмелет жасқа толмағандармен ғана емес, олардың ата-анасымен де жұмыс жүргізіледі. Оларға жан-жақты көмек көрсетіледі: емдеу және оқыту курстарынан бастап, жастардың ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, бос уақытын әртүрлі ұйымдастыруға дейін. Жасөспірімдердің мәселеін тәжірибелі психологтар жекелей, топтық сабақтарда да, оның ішінде барлық отбасы мүшелерімен де терең зерттейді.