Дене шынықтыру сабағында кеудесіне доп тиген оқушы көз жұмды
Оқушы қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген, бірақ баланы аман алып қалу мүмкін болмаған
Ташкентте мектеп оқушысы кеуде тұсына доп тиіп қаза болды. Бала дене шынықтыру сабағында есінен танып қалған, дәрігерлер оны аман алып қала алмаған, деп хабарлайды nova24.uz порталы.
Мектепке дейінгі және мектептегі білім беру басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, Ташкентте 6-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында кеуде тұсына доп тиіп, есінен танып қалған, бала ауруханада көз жұмды.
Ақпаратқа сәйкес, оқиға 6 қазанда сағат 11:00 шамасында Юнусабад ауданындағы №259 мектепте болған. Оқушы №7 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген, бірақ баланы аман алып қалу мүмкін болмаған.
Сот-медициналық сараптаманың алдын ала қорытындысы бойынша, өлімге жедел жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жеткіліксіздігі, ми мен өкпенің ісінуі, жүрек гипертрофиясы фонында жүректің рефлекторлық тоқтауы себеп болған. «Туа біткен жүрек ақауы» диагнозы қойылған.