Бұған дейін Тұрлыбайдың өзіне тағылған айыпты мойындамайтыны хабарланған еді
Қытай соты 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында Малайзияға ұшқалы тұрған жерінде есірткіге қатысты тұтқындалған Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
2019 жылы Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды. Сол жылы қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқынды Қазақстанға экстрадициялауға жәрдемдесуге шақырды.
Былтыр тамызда Қазақстанның Бас прокуратурасы Қытайда «есірткі контрабандасымен айналысты» деп айыпталып, өмірлік түрме жазасына кесілген Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару бойынша Пекинмен келіссөз басталғанын хабарлаған еді.
Бүгін белгілі адвокат, Sezimtal қоғамдық қорының негізін қалаушы Сұңқар Нұрмағамбетов Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың жақын арада елге жеткізілетінін хабарлады.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оның жақын арада Қазақстанға ауыстырылатынын тосып жүрміз, - деп жазды Ақжарқынның адвокаты.
Ақжарқын Тұрлыбайды Қытай полициясы 2014 жылы наурызда тұтқындаған. 2015 жылы маусым айында Қытай соты Тұрлыбайды өмірлік түрме жазасына кескен. 2016 жылы сәуір айында апелляциялық сот үкімнің күшін жойып, істі қайта қарау үшін бірінші инстанцияға қайтарған. Бұған дейін Тұрлыбайдың өзіне тағылған айыпты мойындамайтыны хабарланды.