Halyq Uni логотип
×

Таяу Шығыста тағы соғыс басталды

«Хамас» Израильге кенеттен басып кіріп, ондаған адамды мерт қылды. Қарсы жақ кек қайтару үшін Газа секторын бомбалап жатыр

 Халық үні 07.10.2023 | 21:44
Таяу Шығыста тағы соғыс басталды
Фото: видеодан алынды

Палестиналық «Хамас» исламшыл тобы сенбі күні Израильге соңғы жылдардағы ең ірі шабуылын жасап, кемінде 40 адамның өмірін қиды. Тағы 740 адам жараланып, госпитальге түсті. Оладың 77-сі ауыр хал үстінде жатыр, деп хабарлады inbusiness.kz.

«Хамастықтар» Газа секторынан зымыран жаудырып, Израиль қалаларына кенеттен енген.

Израиль Иранға арқа сүйеген бұл топтың өзіне соғыс жариялағанын, армиясының Газа маңындағы Израильдің бірнеше қаласы мен әскери базаларында содырлармен соғысып жатқанын растады және премьер-министр Биньямин Нетаньяху кек қайтаруға уәде беріп отыр.

Біздің жауымыз құн төлейді. Соғысамыз және онда жеңеміз, - деді ол.

Израильдің жедел жәрдем қызметі осы уақытқа дейін шабуылдан кемінде 22 израильдіктің қаза тауып, 250-ден астамының жараланғанын хабарлады. Құрбандар саны артуы мүмкін.

Израиль әскері болса, Газаға әуеден соққы беріп жатыр. Куәгерлердің айтуынша, бұл авиациялық шабуылдан секторда жарылыстар болып, кем дегенде 100 адам қаза тапқан.

Израильдік Reshet 13 TV News арнасы содырлардың Офаким қаласында израильдіктерді кепілде ұстап отырғанын, ал Сдерот қаласында бес палестиналық содырдың өлтірілгенін, үйлердің өртенгенін хабарлады.

«Хамастың» әскери қолбасшысы Мохаммад Дейф Израильге қарсы операцияның басталғанын өз ақпарат құралдары арқылы жариялап, барлық жерде палестиналықтарды соғысуға шақырды.

«Бұл жер бетіндегі соңғы оккупацияны аяқтау жолындағы ең үлкен шайқас», - дейді ол еврей мемлекетіне 5 000 зымыран жіберілгенін айта отырып.

Израиль мен «Хамас» арасындағы соңғы ірі соғыс 2021 жылы болып, 10 күнге созылды.

«ӨТІНЕМІН, КӨМЕК ЖІБЕРІҢІЗШІ»

Израильдің №12 News арнасына Газа маңындағы Нир Оздан елді мекенінен хабарласқан Дорин есімді әйел содырлардың үйіне басып кіріп, өзі жасырынған бомба қоймасын ашуға әрекеттенгенін айтып берді.

«Олар жаңа ғана кірді, өтінемін, көмек жіберіңізші. Көп үй зардап шекті... Күйеуім есікті жауып тұр... Олар оқ жаудырып жатыр», - дейді Израиль азаматшасы.

Израиль Қорғаныс министрі Галлант «әскердің барлық жерде жаумен соғысып жатқанын» айтып, резервшілерді армия қатарына шақыруға рұқсат берді.

Израиль әскері Газа секторында операция жүргізіп жатқанын айтқанымен, ол турасы толық әрі нақты мәлімет бермей отыр.

Израиль БАҚ-тары қарулы адамдардың Сдеротта өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырғанын хабарлап жатыр, ал әлеуметтік желілерде тараған кадрлардан қала көшелеріндегі қақтығыстарды, сондай-ақ ауылды аралап жүрген джип мінген топты көруге болды.

Бұл шиеленіс палестиналықтар көптен бері мемлекет құруға ұмтылған Батыс жағалауда Израиль мен палестиналық содырлар арасында тайталас күшейген шақта болып отыр.

Сонымен қатар, жаңа соғыс Израильде сот реформасына қарсы саяси толқулар жиілеп, Вашингтон Израиль мен Сауд Арабиясы қатынастарын қалпына келтіруге тырысып жатқан шақпен тұспа-тұс келді.

Иран қолдайтын ливандық «Хезболла» тобы болса, «хамастықтардың» шабуылын «Израильдің оккупациясына қарсы шешуші жауап және Израильмен қатынасты қалпына келтіруге ұмтылғандарға жолдау» деп ескертті.

ТҰТҚЫНҒА АЛЫНҒАН ИЗРАИЛЬДІКТЕР ТУРАЛЫ ХАБАРЛАР

Палестина ақпарат құралдары бірнеше израильдік жауынгердің тұтқынға алынғанын хабарласа, «Хамас» қираған израильдік танк бейнеленген видеоларды жариялады.

Израиль әскері тұтқындар жайлы хабардар екенін айтқанымен, ол турасында қосымша мәлімет бермей отыр.

Палестиналық «Исламдық жиһад» ұйымы да аймақтағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, өз жауынгерлерінің «Хамасқа» қосылып жатқанын хабарлады.

«Біз бұл шайқастың бір бөлігіміз, біздің жауынгерлер жеңіске жеткенше бауырларға жәрдемдеседі», - дейді «Исламдық жиһадтың» қарулы қанатының өкілі Әбу Хамза Telegram желісіндегі жазбасында.

Газадағы палестиналықтар «хамастықтардың»  Израильге басып кіргеніне сене алар емес.

«Бұл көрген түс сияқты. Мен бұған әлі сене алмай отырмын», - дейді Газадағы бір дүкенші «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама