Қытай Қазақстанға техникалық қону арқылы Еуропаға жүк рейстерін ашады

Динара Амантай

Әуе кемелері аптасына 5 рет жиілікпен ұшады

Фото: Halyq Uni

Қытайлық Sichuan Airlines әуе компаниясы Қазақстанға техникалық қону арқылы Қытай мен Еуропа арасында жүк рейстерін ашады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Азаматтық авиация комитеті халықаралық рейстер санын ұлғайту және ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл ретте 2023-2024 жылдары күзгі-қысқы кезеңнен бастап «Sichuan Airlines» Қытай әуе компаниясы Қазақстанда техникалық қонумен Ченду – Алматы – Будапешт бағыты бойынша Қытай мен Еуропа арасында тікелей тұрақты жүк рейстерін ашуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 5 рет (сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі, жұма және жексенбі) Airbus 330 типті әуе кемелерінде орындалады.

Қазақстан арқылы жүк рейстерін орындау еліміздің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етеді.

Анықтама үшін «Sichuan Airlines» – Ченду қаласындағы халықаралық әуежайда орналасқан әуе компания. 1986 жылы 19 қыркүйекте құрылды және 1988 жылы 14 шілдеде жұмысын бастады. Әуе компаниясының паркі Airbus 319, A320, A321, a321peo, A330, A350 типті 170-тен астам әуе кемелерінен тұрады. Әлемнің 25 еліне (Австралия, Жаңа Зеландия, Египет, БАӘ, Израиль, Сингапур, Индонезия, Малайзия, Таиланд, Чехия, Дания, Италия және т.б.) 160-тан астам бағыт бойынша рейстер орындайды.