Сарыағаш ауданындағы шағын мекемеде әлі сабақ кестесі де жоқ
Түркістан облысындағы ауыл мектебінің оқушылары ел қатарлы мектепке барып, қолдарына кітап, дәптер ұстамаған. Сарыағаш ауданындағы шағын мекемеде әлі сабақ кестесі де жоқ. Мұның бәрі директордың мұғалімдерге жүктемені бөлмегендігінен туындағаны анықталды, деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Ол сағат бөлу үшін ұстаздардан ақша талап еткен. Бұл туралы құқық қорғаушы Айгүл Орынбек айтты. Ал құзырлы органдар бұдан бейхабар болып шықты.
Құзыретті орталық мемлекеттік органның жергілікті атқарушы билік органы Білім басқармасымен байланысының жоқ екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Мәселе сонда. Сіз әкімдікке, білім басқармасына сілтейсіз. Одан бөлек сапаны қамтамасыз ету комитетіне сілтейсіз. Ал соңында әлі күнге дейін, бүгін 6-қазан, әлі күнге дейін мұғалімдердің сабақ жүктемесі бекітілмеді дегеніміз не сөз? Ол айлық алмайды деген сөз. Айлық алмайды дегеніміз не сөз? Ол әлеуметтік теңсіздікке және әлеуметтік наразылыққа алып келеді деген сөз. Ал ол жүктеме қыркүйек айында тамыз кеңесіне дейін бекітіліп болу керек, - дейді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.