×

Гарвард профессоры қазақстандықтарды батыл болуға шақырды

Көштен қалмас үшін технологияны дамыту маңызды

 Дәурен Ерболат 06.10.2023 | 16:44
фото: Halyq Uni/Жансерік Күзембай

Қазақстан халқы әлемді дамытуға өз үлесін қоса алады. Олар қорықпауға тиіс. Бұл туралы Стэнфорд және Гарвард университтерінің профессоры, жаңа технология саласындағы сарапшы, ғұлама ойшыл, ғалым Вивек Вадхва айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астанада Nobel Fest фестивалі өтіп жатыр. Оның аясында Вивек Вадхва Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездескенін, қандай мәселені талқылағанын айтып берді.

Сенат спикерімен инновация, кәсіпкерлік және Қазақстанды әлемге ашу жайлы пікір алмастық. Шынымды айтсам, Қазақстан халқы әлі күнге дейін адамзатқа әсер ете алатынына сенбейді. Олар басқа елдердің тұрғындарына қарағанда өздерін дамуға лайықты емес деп санайды. Бұл дұрыс емес, сіздер де әлемге басқалар сияқты ықпал ете аласыздар. Өйткені батыстың барлық технологиясы шығыста, соның ішінде Орталық Азияда да бар, - деді ол.

Вивек Вадхва Қазақстан өзгерістерге дайын болу керек деген ұстанымда.

Қазір нағыз революция басталды: барлығы тегін және таза энергиямен жұмыс істеп жатыр. Бұл процес Қазақстанға да әсер етеді. Сондықтан сіздер жедел түрде инновацияға ілесулеріңіз керек. Мысалы, ғарышты зерттеу, айға туристерді апару. Мұның бәрі үнемі және жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Соңғы 100 жылда әлемде керемет өнертабыстар тіркелді. Біз ең ұлы кезеңде өмір сүріп жатырмыз», - деді беделді ғалым.

Айта кетейік, Nobel Fest – Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір және білім алмасуға арналған бірегей платформа. Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету. Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі – Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі Altyn Qyran Foundation қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама