Бақанаста Қонаевтың дау тудырған ескерткіші ашылды
Алматы облысының әкімдігінде сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды
Алматы облысының Бақанас ауылында мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған ескерткіш ашылды. «Хабар24» телеарнасының хабарлауынша, ескерткіш қойылатын орын Қонаевтың ата-бабасы тұрған жерден арнайы таңдалған.
Мәрмәр мүсіннің биіктігі 3 метрден асады, ал тастұғырымен қосқанда, жалпы биіктігі – 5 метрден жоғары. Ескерткіштің авторы – мүсінші Алтай Бейсенов пен архитектор Бекзат Бейсенов.
Демеушілердің қаржысына жасалып, орнатылған мүсіннің ашылу салтанатына жергілікті атқарушы билік, зиялы қауым өкілдері, депутаттар мен тұрғындар қатысты.
Ол бұл орындарды қатты жақсы көрді. Осы жерге келуді ұнататын. Бірге болатынбыз. Дәл Балқаш – ата-бабасының ауданы. Сондықтан бұл жерге деген махаббаты ерекше. Көпір тұрғызды. Депутат ретінде осы аймақтан сайланатын. Яғни бұл жерге ескерткіш қоюы – тарихи әділдікті қалпына келтіру, еңбегін бағалау, – деді Дінмұхамед Қонаевтың туысы Диар Қонаев.
Бақанаста Қонаевтың ескерткіші 2020 жылы орнатылуы керек болған. Алайда желі қолданушылары, мүсіншілер мен Қонаевтың туыстары мүсіннің кескінін сынға алған болатын. Өйткені оның басымен салыстырғанда денесін тым созып жіберген. Сондай-ақ қолдары үлкен, иығы кең, тым арық етіп жасалған еді.
Желідегі сыннан кейін ескерткіш құрылысы тоқтап қалып, мүсінші Алтай Бейсенов барлығын түзететінін айтқан-ды. Кейін Алматы облысының әкімдігінде сол үшін арнайы жұмыс тобы құрылды.