Ол роботтардың күнделікті қарапайым жұмыстарды істегеніне қарсы емес
Танымал футуролог Герд Леонгард әлемде қандай мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның пікірінше, алдымен роботтарға қандай жұмысты сеніп тапсыруға болатынын анықтап алу керек.
Эмоция, креатив, эмпатия, жанашырлықтың бәрін жасанды интеллект түсінеді. Бірақ ол бұларды формальды түрде түсінгенімен, сезбейді. Мен күнделікті жұмысты роботтар істегенін қалаймын. Алайда компьютерлердің жанашыр болғанын, адамдар сияқты сезінгенін, тіпті, адам болғанын қаламаймын. Сондықтан роботқа нені сеніп тапсыруға болатынын біліп алуымыз керек, - деді сарапшы Nobel Fest фестивалінде.
Сондай-ақ Герд Леонгард болашақта қандай мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін екенін айтты.
Такси жүргізушілерін алайықшы. Олар – өте креатив жігіттер, бірақ олар көп ұзамай жұмыссыз қалуы мүмкін. Оның орнын роботтар басады. Құрметті ұстаздар, сіздер білім жүйесінде жұмыс істеп жүрсіздер. Алайда қандай да бір деңгей де, сіздер де роботсыздар. Мысалы, сіздер мектепте роботтар сияқты жұмыс істей берсеңіздер, (болашақта) жұмыс болмайтынын мойындауыңыз керек. Егер сізге ақпаратты қалай есте сақтауды үйретсе, робот сіздің алдыңызды орап кетеді. Сондықтан басқаға үйрету керек, - деді футуролог.
Айта кетейік, елордада Nobel Fest фестивалі өтіп жатыр. Ол – Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір және білім алмасуға арналған бірегей платформа. Фестивальдің басты мақсаты – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету. Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі – Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі Altyn Qyran Foundation қолдап отыр.