×

Nobel Fest 2023: Келесі жаһандық пандемия қандай болады?

 Айнұр Шошаева 06.10.2023 | 12:28
фото: Halyq Uni

Nobel Fest 2023 халықаралық ғылым және білім фестивалінің қатысушылары келесі жаһандық пандемия қандай болуы мүмкін деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Halyq uni.

Бұл сұраққа Астанаға арнайы келген өмір туралы ғылым саласындағы Серпін сыйлығының 2022 жылғы иегері Паскаль Майер жауап берді.

Пандемияның салдарының қандай болғанын білесіздер. Бір жылда 3 млн адам қайтыс болды, бұл пандемиядан ғана емес, маусымдық тұмаудың салдарынан қайтыс болған өлім-жітім көрсеткіші. «Ковид маусымдық тұмау сияқты ма, жоқ па?» деген дискусия болды. Бұл сұрақты жиі қоюға болады. Мысалы, эбола вирусын алайық, одан болатын өлім-жітім ковидтен де жоғары. Вакцина ойлап табылғанша көптеген адамдар қайтыс болып кетті. Сондай-ақ вакцинаның арқасында үміт пайда бола бастады, антибиотиктарға деген сенім күшейді, - деді ол.

Өз сөзінде штелдік ғалым Қазақстанның ковидқа қарсы вакцинасына жоғары баға берді.

Бізге алдымен «парацетамол ішіндер» деді, бірақ ол жеткіліксіз еді. Кейін «вакцина ойлап тапқанша күтіңдер» деді. Вакцина өте тез шығарылды. Айта кетейін, Қазақстан аз уақыт ішінде «QazVac» вакцинасын жасап шығарды. Өте қысқа уақытта көп техникалық жұмыс істеп, клиникалық сынақ жүргізе алды. Бұл өте керемет. Pfizer-дің тарихы сияқты сәтті болмағанымен, вакцина дер кезінде көмекке келді. Өкінішке қарай, вакцияна шыққанға дейін көп адам қайтыс болды, ал инфекция жұқтырғандар өліп жатты, - деді Паскаль Майер.

Сонымен қатар ғалым алдағы уақытта адамзат тап болуы мүмкін қауіп-қатерлерді атады. Оның пікірінше, адам ағзасының антибиотикке үйреуі пандемиямен пара-пар болмақ.

«Пандемияның басқа типі - ол антибиотикке тұрақтылық. Вирус, бактериялар дәрі-дәрмек, вакциналарға үйреніп, төтеп бере алатын болып келеді. 2050 жылға қарай 10 млн өлім-жітім осының себебінен болуы мүмкн. Егер мұны қатерлік ісіктен болатын өлім-жітіммен салыстырсақ, сандар бірдей болуы мүмкін. ДДҰ бұл әлемдегі аса қауіптің бірі – осы организмнің антибиотикке үйренуі болады деп отыр», - деді ғалым.

Паскаль Майердің пікірінше, елдер арасындағы әскери соғыстар мен террорлар да жаһандық пандемияға әкелуі мүмкін.

Ковидтің қайдан шыққаны немесе қандай жануардан шыққаны туралы көп жазылды. Шын мәнінде кез келген індет микроорганизм өмір сүретін кез келген жерден шығуы мүмкін. Яғни ол да пандемияның шығуына себеп болуы мүмкін. Мысалы, еріп жатқан мұздықтар сыртқа ежелгі патогендерді шығаруы мүмкін. Себебі онда пандемияға себеп болуы мүмкін қатерлі патогендердің жоғына ешкім кепіл бере алмайды. Сондай-ақ жаңа пандемияны терроризм немесе әскери әрекеттер тудырады деген пікір бар. Себебі әр ел қорғану үшін түрлі іс-әрекеттер мен контршабуыл үшін түрлі биологиялық қаруларға жүгінуі мүмкін, - деді ол.

Бұған дейін Паскаль Майер Nobel Fest 2023 фестивалінің бірінші күні сөйлеген сөзінде қазақтардың ДНҚ-сы бірегей, ал Димаш Құдайберген мен Күнсұлу Закарья соның дәлелі екенін айтқан болатын.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада Nobel Fest 2023 фестивалінің екінші күні өтіп жатыр. Nobel Fest – Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама