Halyq Uni логотип
×

Жаңа технологияны меңгермегендер жұмыссыз қалуы мүмкін – министр

Университеттерге маман дайындауға еркіндік беріледі

 Дәурен Ерболат 06.10.2023 | 11:25
Жаңа технологияны меңгермегендер жұмыссыз қалуы мүмкін – министр
фото: Halyq Uni/Жансерік Күзембай

Болашақта жасанды интелектті меңгермеген адамдар жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің пікірінше, жоғары білім саласына өзгерістерді қазірден бастау керек.

Біз жоғары білім мен ғылымда батыл қадамдарға баруға, тәжірибе жасауға әзірміз. Ұлттық куррикулумға әртүрлі элементті инкорпорациялап жатырмыз. Біз жоғары оқу орындарына барынша еркіндік берудеміз. Мысалы, биылдан бастап жоғары оқу орындары білім беру мазмұнының 91-95%-ын өздері анықтай алады. Онда серіктестің, жергілікті экономиканың ерекшелігі, нақты жұмыс берушінің талабы ескеріледі. Олар оқу мерзімін де өздері анықтайды, - деді Саясат Нұрбек Астанада өтіп жатқан Nobel Fest фестивалінде.

Сондай-ақ ол кейбір мамандықтарды қысқа уақытта дайындауға болатынын жеткізді.

Мысалы, бакалавриатты 4 жыл емес, 3-3,5 жылда оқып бітіруге болады. Astana IT университетінде пилоттық жоба бар. Ол өзін жақсы жағынан көрсетті. Онда бакалавриатты 3 жылда оқуға болады. IT саласында жұмыс беруші «мен күте алмаймын, кадрды тез дайындап бер» дейді. Онда (студенттерді) теорияға көп оқытудың керегі жоқ, тек қолданбалы (пәндерді) оқытып, тез дайындау керек, - деді министр.

Сөз соңында Саясат Нұрбек жастарды жаңа технологияны меңгеруге шақырды. Себебі оны үйренгісі келмейтіндер болашақта жұмыссыз қалуы мүмкін.

Біріншіден, тәжірибе жолы білім беру жүйесін тәуекел жасауға итермелейді. Екіншіден, біз өзгерістердің қатыгез, жылдам болатынын түсінуіміз керек. Сондықтан бұл көптеген елдің Үкіметтерінен, соның ішінде білім беру министрліктерінен батыл, тез шешім қабылдап, өзгерістер жасауды талап етеді. Себебі қазір жылдам өзгеріп жатқан әлемде бұл өзгерістерсіз көптеген оқу бітірген түлек, студент, қызметкер бәсекеге қабілетсіз болып қалады. IBM-нің айтуынша, жасанды интеллектті үйренгісі, дос болғысы келмейтіндерді осы технологияны меңгергендер (бәсекеден) ысырып тастайды, - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Айта кетейік, Nobel Fest – Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір және білім алмасуға арналған бірегей платформа. Фестивальдің басты мақсаты – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету. Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі – Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі Altyn Qyran Foundation қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама