×

Исламбек Салжанов «Феррари» дизайнерін нағыз бәйгені көруге шақырды

Исламбек Салжанов авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын сыйға тартты

 Халық үні 06.10.2023 | 10:56
Фото: Halyq Uni

Астанада өтіп жатқан VI Nobel Fest халықаралық фестивалі аясында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов әлемге әйгілі авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын сыйға тартты. Картина авторы – отандық суретші Ерлан Айтуаров.

Исламбек Салжанов атап өткендей сыйлық кездейсоқ таңдалмаған.

5 мың жыл бұрын ата-бабамыз, яғни көшпенді жылқы жануарын бірінші болып ерттеп мініп, бүкіл адамзат өркениетінде серпіліс жасады. Міне, осы сәттен бастап жылқы ең жылдам әрі негізгі көлік құралына айналды. Бұл – тарихтың бағытын өзгертті. Жылқыны алғаш қолға үйреткен – қазақ даласы. Сіз дизайнын жасаған Ferrari көлігінде ат бейнеленген эмблема бар.

Сізге тарту еткен картинада Аламан бәйге бейнеленген. Ол – қазақтың ұлттық ат жарысы. Бірнеше мәрте чемпион болған Формула-1 сияқты темір тұлпар жарысының бастауында осы аламан бәйге тұр деп айтуға болады.

Сізді 2024 жылы қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырамын, - деп түйіндеді сөзін Исламбек Салжанов.

Фрэнк Стивенсон тарту етілген сыйлықты жоғары бағалайтындығын, ал заманауи шығармашылықты шабыттандыруда тарихтың маңызы биік екендігін айтты. Дизайнер Исламбек Салжановқа өнер туындысы мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, Астанада Nobel Fest 2023 фестивалі өтіп жатыр. Nobel Fest-  Нобель сыйлығының лауреаттарымен, көрнекті ғалымдармен және сарапшылармен пікір алмасуға және білім алмасуға арналған бірегей платформа.

Нобель фестивалінің басты миссиясы – жаһандық білім мен ғылымды әлемнің кез келген бұрышына қолжетімді ету.

Білім, ғылым және инновацияларды дамыту бойынша Нобель фестивалінің миссиясын отандық және халықаралық ұйымдар, оның ішінде фестивальдің бас серіктесі, Қазақстанның ең ірі қоғамдық қорларының бірі «Altyn Qyran Foundation» қолдап отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама