Жалпы сомасы 3 млрд теңгеден асатын заңсыз мемлекеттік сатып алулар тоқтатылды
Тек биылдың өзінде Жетісу облысының прокуратурасы 3 млрд теңгеден астам сомаға мемлекеттік сатып алуды тоқтатты, деп хабарлады Halyq uni тілшісі.
Мемлекеттік органдар негізінен әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарын негізсіз асыра бағалаған. Сондай-ақ міндетті мемлекеттік сараптамасыз автожолдар салуға конкурстар жариялаған және т.б.
Бұған қоса прокурорлар 85 млн теңгеге сатып алулардың алдын алды. Олар бойынша мемлекеттік органдар «бір көзден алу» тәсілімен негізсіз қорытынды жасауға тырысқан.
Тек бір Алакөл ауданында прокуратураның қадағалау актілері бойынша 10 лауазымды тұлға жауапқа тартылды, оның ішінде 4 ауылдық округтердің әкімдері бар, – делінген прокуратура хабарламасында.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың 74 лауазымды тұлғасы ӘҚБтК-нің 207-бабы («Мемлекеттік сатып алуды бұзу») бойынша жалпы көлемі 13 млн теңгеге айыппұл салумен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.