ҰҚК қылмыстық топтардың 72 мүшесін ұстады

Динара Амантай

Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр

Фото: ҰҚК баспасөз қызметі

ҰҚК үш облыста арнайы операция жүргізіп, қылмыстық топтың 72 мүшесін ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5 қазанда полиция органдарымен бірлесе отырып және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізген.

Қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге де ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді. Топтар өз әрекеттерін Қытаймен («Қорғас» ХШЫО), Өзбекстанмен («Жібек жолы» өткізу пункті) және Қырғызстанмен («Қордай автомобильдік өткізу пункті») шекаралас учаскелерде іске асырған, – делінген прокуратура хабарламасында.

Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.