Астанада танымал блогер аула сыпырушысын үй алуға көмектесемін деп алдап кеткен
Күйеуі 16 жыл бұрын қайтыс болған кейіпкердің 2 жасөспірім ұлы бар
Jibek Joly телеарнасынан шығатын « Ózger» реалити-шоуының кезекті эфиріне астаналық Саламат есімді әйел келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Күйеуі 16 жыл бұрын қайтыс болған кейіпкердің 2 жасөспірім ұлы бар.
Саламаттың күйеуі өрт сөндіруші болған, бірақ қызмет ету кезінде қаза тапқан. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Саламат екі баласымен туыстары мен жақындарының көмегінсіз жалғыз қалады. Таныстарының бірі көмектесіп, 8 жыл бойы ол елорданың әртүрлі нысандарында аула сыпырушы болып жұмыс істейді. Тұратын үйі болмай, балаларымен бірге жертөлені 40.000 теңгеге жалдаған кезі де бар.
«Басымда несиелерім бар. Өткен жылы атақты блогерлердің бірі баспанаға көмектесуге уәде беріп, бірақ айтқан сөзінде тұрмай жоғалып кетті, бұл бізге ауыр тиді», - дейді Саламат.
Панасыз отбасы өмір сүрген жертөледегі МИБ төрайымы оған немқұрайлық танытпай, депутат Нұрлан Мүслімге тұрғын үй бойынша көмек сұрауды ұсынған. Депутат келісіп, елорданың элиталық тұрғын үй кешенінде бір жылға тұрғын үй жалдау ақысын төлейді.
Сондай-ақ, олар пәтер мәселесін ескеріп, жыл бойы аталған проблеманы біржола шешуге тырыспақ.
«Ózger» жобасы Саламаттың сырт келбеті мен ішкі жан-дүниесін өзгерту бойынша жұмыс істеп, оған сыйлықтар ұсынып, әйел ретінде бақытты болуына ықпал етті.
Сонымен қатар Саламат осы жоба аясында тамыр ауруы бойынша толық тексеруден өтіп, нәтижесінде елдегі ең жақсы хирургтың қабылдауына жазылуы мүмкін.
Айта кетейік, бұл жоба еліміздің түрлі өңірлерінен әйелдер мен ерлерді өзгертуге бағытталған.
Жоба кейіпкерлеріне өзгеше жағынан қарап, бақытты болуға мүмкіндік береді, жоба авторы және шоу жүргізушісі - Айгүл Мүкей.