«3 жасар егіздерді әжесінің көңілдесі зорлаған»: Алматы облысында болған сұмдық жағдайға қатысты жаңа деректер ашылды
Полицейлер екі күдіктінің ұсталғанын жеткізді
Егіздерге азғындық жасаған өгей әке емес, нағашы әжесінің күйеуі. Алматы облысы Бақанас ауылында болған сұмдық жағдайға қатысты жаңа деректер ашылды. Қаршадай егіз қызға жыныстық сипаттағы зорлық көрсетті деп қамауға алынған еркек оларға әке емес, 43 жастағы әжесінің көңілдесі болып шықты, деп хабарлады КТК телеарнасы.
Ал қыздардың туған анасы небәрі жиырмалар шамасындағы келіншек. Өзі есірткіге тәуелді. Туған-туыстары түгел ішкілік пен нашақорлыққа салынып кеткен соң, бүлдіршіндердің тәрбиесі тұрмақ қауіпсіздігіне ешкім бас қатырып жатпаған сыңайлы.
Қазір қамаудағы Арсыланбек Қыдырбаев полицейлерге ұсталар күні шешесін шақырып, оқиғаның қалай болғанын айтып үлгерген. Келіні өз немересін күйеуінің қойнына салып берді деп отыр. Қорлық көрген егіздердің анасы есірткіге тәуелді дейді. Ал өзінің ішімдікке жақын екенін жасырмай айтып отыр.
Өгей немересін зорлады деп айыпталған 40 жастағы күдіктінің мас күйін көршілер сан мәрте көрген. Десе де, отбасы тұйық болған. Ешкіммен араласпайды. Арсыланбек Қыдырбаевтің тұрақты жұмысы жоқ. Тек ауылда адам тасып күнелтіп келген.
Ал полицейлер екі күдіктінің ұсталғанын жеткізді. Ол егіздердің нағашы әжесі мен оның көңілдесі. Тергеу жалғасып жатыр.Екі қыз қазір анасымен осы ауылдағы ауруханада емделіп жатыр. Біреуіне ота жасалған.
«Балалардың жағдайы орташа. Ауруханаға түскенде олардың зорлық көргенін дәрігерлер бірден анықтады. Полицияға да дереу хабар берілді. Алған жарақаттарына байланысты балаларға операция жасалды. Қазір өмірлеріне төніп тұрған қауіп жоқ. Медициналық көмекпен қатар психологтар да жұмыс істеп жатыр», - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.