Бағдарлама аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 51%-дан астамы игерілген
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Ауыл аманаты» жобасының орындалуы жөнінде кеңес өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кеңеске AMANAT партиясының, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, облыстық әкімдіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында аралық нәтижелер қаралып, келелі мәселелер талқыға түсті.
Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов бағдарлама аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 51%-дан астамы игерілгенін жеткізді. Алайда кей өңірде бұл көрсеткіш 10%-ға да жетпейді. Есесіне кей аймақ бекітілген соманы толық игеріп, несие алуға өтініштер қабылдауды тоқтатты. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев күні бүгінге дейін 141 жобаға өтініш келіп түскенін айтты. Ал бөлінген 1,6 млрд теңге жеткіліксіз, тағы 800 млн теңге қажет.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені заң аясында пысықтасын. Егер қайшылық болмаса, игермей жатқан өңірлерден қысқартып, сұранысы көп аймақтарға мүмкіндік беру керек, – деді Тамара Дүйсенова.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындарына 5-7 жылға 2,5 проценттік үстемемен микронесиелер ұсынылады. Алайда бұл несие түрі бәріне бірдей қолжетімді емес. Мәселен, Түркістан облысында ұстаздар мен дәрігерлер секілді бюджеттік мекеме қызметкерлері бағдарлама шеңберінде несие алуға ынталы. Дегенмен несие беру ережесінде мұндай мүмкіндік қаралмаған. Талқылау қорытындысы бойынша бұл мәселе қосымша пысықталатын болады.
Жоба ауылдық елді мекендерде тұратын азаматтардың әл-ауқатын, тұрмыс деңгейін арттыруды көздейді. Сол себепті Тамара Дүйсенова жобаны іске асыру барысында туындаған кедергілерді дер кезінде жойып отыру керектігін қадап айтты.
Әр тиын мақсатты жұмсалуы шарт. Санды қуып, сапаны ұмыт қалдыруға болмайды, - деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.