Жаңаөзенде әлдебіреулер қоқыс контейнеріне тауешкінің өлексесін лақтырып кеткен (ВИДЕО)
Басында Үстірт уриалының ұрғашысы деп ойладым, - дейді биолог
Жаңаөзенде белгісіз біреулер қоқыс контейнеріне тауешкінің өлексесін лақтырып кеткен. Бұл туралы lada.kz хабарлады.
Оның видеосын жергілікті бір жігіт түсіріп, желіге салған. Онда ол өлексені Жаңаөзендегі қоқыс контейнерінен тапқанын айтқан.
Мынаны қараңыз, киікті атқан да қоқыс жәшігіне тастап кеткен, – делінген видеода.
Алайда ол, біріншіден, жануарды «киік» деп қателескен, екіншіден, оны атпай, көлік қағып кетуі де мүмкін. Себеп-салдары әзірге белгісіз.
Жергілікті биолог, Батыс Қазақстан облыстық «Табиғи орта» қауымдастығының басқарма төрағасы Әділбек Қозыбақов мамандармен кеңескеннен кейін видеодағы жануардың тауешкі екені анықталғанын айтты.
«Басында Үстірт уриалының ұрғашысы деп ойладым. Қалай болғанда да тұтас ешкіні контейнерге тастау дұрыс емес», – дейді маман.