×

Атырау облысының әкімі жуырда ұсталған орынбасарына қатысты пікір білдірді

Махамбет Досмұхамбетов орынбасары ұсталғаннан кейін онымен сөйлеспеген

көрнекі фото: Бақытгүл Хаменованың облыс басшысының орынбасары болып тағайындалған сәті, 13.03.2020

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов өзінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты түсініктеме беріп, оның әкімдіктегі міндеті басқа орынбасарлары арасында бөлініске түскенін айтты.

Аймақ басшысы бұл іске қатысты әлі жауап алуға шақырмағанын, Бақытгүл Хаменова ұсталғаннан кейін онымен сөйлеспегенін айтты. Сондай-ақ орынбасарының кінәсі дәлелденген жағдайда отставкаға кетуге дайын екенін тағы да қайталады. 

Бұл мәселені реттейтін заң бар. Егер маған тікелей бағынышты орынбасарымның бірінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны анықталса, онда заңға сәйкес мен кетуім керек және мен отставкаға беремін. Әрі қарай мемлекет басшысы шешім қабылдайды, - деді Махамбет Досмұхамбетов Үкімет кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мәлімдегендей, Атырау облысы әкімінің орынбасары мен мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Атырау қаласында Абай ескерткішін жасау және орнату бойынша 145 млн теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 млн теңге сомасында пара алу күдігіне ілінді.

Ескерткіш туралы шешім, қателеспесем, 2016 жылы қабылданды. Пандемия кезінде мұны жүзеге асыра алмадық, ескерткішті биыл орнату жоспарланды. Ескерткіш орнату әрі қарай созылуы да, созылмауы да мүмкін. Оған тергеу әсер ете ме, жоқ па, айта алмаймын, - деді аймақ басшысы.

12 желтоқсанда Атырау қалалық мамандандырылған тергеу соты күдіктінің жалғызбасты әйел екенін, Атырау қаласында тұрғылықты тұратынын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотты болмағанын, кішкентай екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанын, асырауында қарт анасының болуы, сот оған қатысты процестік заңнамада көзделген шектеулерді белгілей отырып, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдау қажет екені туралы қорытындыға келгенін назарға алып, Бақытгүл Хаменованы үйқамаққа алу туралы шешім шығарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама