Сүйеніш Әбділдин ҰҚК жасағының ХҚКО-ға басып кіргеніне қатысты түсінік берді (ВИДЕО)
Онда күш құрылымдарының қызметкерлері есікті сындырып, кабинеттен ешкімді таппай шығып кеткен-ді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Сүйеніш Әбділдин Шымкент қаласындағы ХҚКО-ға жүргізілген тінтуге қатысты түсінік берді.
Оның айтуынша, мәселенің мән-жайын анықтау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне хат жолданған. Әзірге жауап жоқ. Сондай-ақ ол биыл наурызда «Азаматтарға арналған үкіметтің» қызметкерлері ұсталды деген ақпаратқа қатысты жауап берді.
Ешкім ұсталған жоқ, - деді Сүйеніш Әбділдин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Мемлекеттік корпорация басшысы сол күні Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің сұрақтарына жауап бергенін мәлімдеді. Олардың қандай сауал қойғанын агенттіктен анықтау қажеттігін айтты. Ол жауап алуға куәгер ретінде қатысқан.
Қазір «Азаматтарға арналған үкімет» штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Еске сала кетсек, аталған оқиғаның видеосы бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Онда күш құрылымдарының қызметкерлері есікті сындырып, кабинеттен ешкімді таппай шығып кеткен-ді.