×

Алдағы 20 жылда Тұран одағы туралы армандамай-ақ қойсақ болады – сарапшы

Сарапшылар Тоқаевтың Түркияға сапарын талқылады

 Қымбат Елтайқызы 16.05.2022 | 09:46

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркияға сапары мен онда көтерілген мәселелер туралы сарапшылар «Сұрауы бар» Youtube каналында талқылады. Белгілі журналист, сарапшы Амангелді Құрметұлы көпшілік айтып жүрген Тұран одағының құрылу ықтималдығы туралы пікір білдірді.

«Тұран одағы мәселесіне келсек, әзірге алдағы 20 жылда оның мүмкін емес екенін күллі Түркі мемлекеттері біледі. Өйткені түркі мемлекеттері ұйымының өз даму бағыты бар. Сонымен бірге екінші деңгейлі мемлекеттердің басшылары қандай да бір әскери одаққа ұйымдаса бастау тіке өзіне қатер төндіретінін біледі. Сондықтан Тоқаевтың Түркияға сапарында бұл туралы әңгіме болды дегенге сену қиын», - деді Амангелді Құрметұлы.

Ол сонымен қатар түркі халықтарының біріге алмай келе жатқаны тек бүгін емес екенін алға тартады.

«Сөздің ашығын айтатын болсақ, соңғы мың жылда түркі халықтары жұдырықтай жұмылып әрекет еткен емес. Оғыздар, оғыздардың ішінен селжұқтар бөлінді. Әрқайсы жеке-жеке. Қыпшақ тобы - жеке империя. Бұрын бір қауым болған елдерден этностар бөліне бастаған кезде пассионарлық қуаты мықты тайпалардың әрқайсы өз мүддесін қорғады, әркім өз еркінше мемлекет құрды. Соның бірі Осман империясы, бірі - Алтын орда», - дейді ол.

Сарапшы соңғы 30 жылда ОДКБ-дан (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) басқа әскери одақ құрылмағанын алға тартты.

«Ұжымдық қауіпсіздік шарты деген – ТМД  кеңістігіндегі шынайылығынан гөрі деклоративтік сипаты басым ұйым. Ал біз Түркі бірлігіне көбіне милитаристік, әскери күш тұрғысынан қараймыз. Егер өзара ынтымақ-бірлікті нығайтқымыз келсе, ең бірінші сауда-экономикалық, одан кейін мәдени-гуманитарлық одақ деңгейіне жету керек», - деп пікір білдірді маман.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама