Марқұм көпшілікке «Келінжан» телесериалындағы рөлі арқылы таныс
Актер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Сағат Жылгелдиев 68 жасына қараған шағында қайтыс болды. Қаралы хабарды М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының баспасөз қызметі жеткізді.
Ғұмырының 45 жылын театр өнеріне арнаған Сағат Жылгелдиев Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры мен Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында небір шоқтығы биік рольдерді сомдады.
«Жадымызда жарқын бейнесі ұзаққа сақталатын актер Сағат Жылгелдиевтің қазасына байланысты М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұжымына қайғыра отырып, көңіл айтады», - делінген хабарламада.
Ал қоштасу рәсімі 17 мамырда сағат 10:00-де Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында өтеді.
Сағат Жылгелдиев 1954 жылдың 12 желтоқсанында Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққыр ауылында туған, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Ерен еңбегі үшін медалінің иегері.
Сағат Ермағамбетұлы Қазақ драма театры жанындағы театр студиясын, Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік бөлімін бітірген. 1977 жылдан Қазақ балалар мен жастар театры сахнасында өнер көрсетеді. Ол ойнаған Ақын (И.Сапарбаевтың «Ауылдан келген аруында»), Байжан (И.Ғайыптың «Алтын ажалында»), Абдолла (С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде»), Қожа Ахмет Иасауи (О.Дастановтың «Әзірет Сұлтанында»), Шеге, Байдалы би, Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ұлпан», «Ақан сері – Ақтоқтысында») т.б. рольдерін мамандар жақсы бағалаған.
Сондай-ақ отандық фильмдер мен телесериалдарда бірқатар рөлді сомдады.