Абай облысының тұрғыны 44 жылдан астам уақыт жеке куәліксіз жүрген
Ұзақ жыл бойы ол кеңестік қызыл паспортпен өмір сүрген
Абай облысында 44 жылдан бері құжатсыз жүрген тұрғын алғаш рет жеке куәлік алды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Көкпекті ауданының ПБ-ға 44 жылдан құжатсыз өмір сүріп жүрген 62 жастағы тұрғын жүгінген. Ол аудан орталығынан алыс мекенде тұратындықтан, сондай-ақ аса қажеттілігі болмағандықтан, жеке басын куәландыратын құжаттарын алмаған. Ұзақ жыл бойы ол кеңестік қызыл паспортпен өмір сүрген. 90-жылдары полицияға жүгініп, рәсімдеуге қажетті құжаттардың тізімін алған. Қажетті анықтамаларды жинап жатқанда, төлқұжатын да жоғалтқан.
Биыл әйел зейнеткерлікке шығуы керек болғандықтан, қайтадан полицияға хабарласып, қысқа мерзімде жеке куәлік алды. Полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының қызметкерлері оған жеке басын куәландыратын құжатты рәсімдеуге көмектесті. Енді аудан тұрғыны әлеуметтік және медициналық қызметтерді еш қиындықсыз ала алады және зейнеткерлікке шыға алады. Жеке куәлікке қол жеткізген аудан тұрғыны қуанып, тәртіп сақшыларына алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.