Halyq Uni логотип
×

Мәсімовтің немере інісіне қатысты іс бойынша бірнеше кәсіпкер ұсталды

Нұрлан Мәсімовтің үстінен қылмыстық іс қозғалып, оған іздеу жарияланды

 Данияр Айтпайұлы 15.05.2022 | 21:12
Мәсімовтің немере інісіне қатысты іс бойынша бірнеше кәсіпкер ұсталды
фото: Нұрлан Мәсімов, Кәрім Мәсімов

Кәрім Мәсімовтің немере бауыры, Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің экс-басшысы Нұрлан Мәсімовтың ісі бойынша оның бұрынғы орынбасары мен бірнеше кәсіпкер қамауға алынды. Бұл туралы Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мәлімдеді.

«Павлодар облысында полиция департаментінің бұрынғы басшысы мен орынбасарына қатысты тергеу жүргізілуде. Оларға қазына қаржысын жымқырды деген айып тағылуда. Тергеу мәліметіне сүйенсек, күдіктілер полиция департаментіне материалдық-техникалық заттарды сатып алу кезінде қасақана бағаны арттырып жіберген. Яғни, тым қымбатқа сатып алған. Бұдан бөлек, сот шешімімен жоғарыда атап өткен заттарды жеткізген бірнеше кәсіпкер қамауға алынды», - деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Ведомство басшысы аталмыш қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтты.

«Бұл тиісті деңгейдегі бақылаудың болмауынан. Полиция департаментінің, жалпы ішкі істер органдарының абыройына нұқсан келді. Бірақ біз жемқорлықпен күресті ары қарай да қатаң түрде жалғастырамыз. Қазір тек Павлодарда емес, Шымкенттің жергілікті полиция қызметінің басшысына қатысты да тергеу жүргізілуде», - деді министр.

Нұрлан Мәсімов Павлодар облыстық полиция департаменті басшысы қызметіне 2019 жылдың қараша айында тағайындалды. Биыл қаңтар оқиғасынан кейін - 15 қаңтарда қызметтік лауазымынан босатылды. Бұдан кейін көп ұзамай оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, іздеу жарияланды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама