«Дипломмен ауылға» бағдарламасына адвокат мамандығын енгізу ұсынылмақ
Астанада 6 қазанда Қазақстан адвокаттарының VII халықаралық форумы өтеді. Оған қатысушылар саны осы жолы рекордтқа жетеді деп отыр. Өйткені бұл шараға еліміздің өзінен үш жүзден астам адвокат келмек. Одан бөлек, халықаралық адвокаттық ұйымдардың өкілдері мен Орталық Азия және Кавказдың адвокатура жетекшілері де болады.
Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаевтың айтуынша, бұл шара еліміздегі адвокатура саласының қордаланған өзекті мәселелерін көтеріп, шешім жолдарын қарастыру үлкен септігін тигізеді.
Адвокат ақысы жоғары кәсіби маман болуға тиіс. Сондықтан мемлекет бюджет есебінен жүзеге асырылатын барлық заң көмегі түрлерін адвокатураға бергені дұрыс. Сонымен бірге, мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасына қатысатын адвокаттардың еңбекақысын көбейтіп, тіпті оның төлем ақысын сағат бойынша есептеу керек. Екінші жағынан, тегін заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар тізімін ұлғайтса дейміз, - дейді ол.
Оның үстіне, бүгінде адвокат міндетті түрде қатысуы керек істердің санаты белгіленбеген. Ал адвокаттар ойдағыдай қорғап шықса, онда өздерінің «сәттілік» гонорарын қоюына да рұқсат ету керек деген пікірде.
Сонымен қатар, адвокаттарға қатысты кейбір түсініксіз тыйымдарды да жою қажетін айтады. Мәселен, неге адвокаттарға кәсiпкерлiк немесе басқа да ақы төленетiн қызмет атқаруға тыйым салынады? Неге оларға шағын бизнес үшін көзделген арнаулы салық режимдерін пайдалану құқығын бермеске? Көп жылдан бері жалғасып келе жатқан «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына да осы адвокат мамандығын енгізуге не кедергі?
Оған қоса, 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында да адвокатура саласының қамтылмауы үлкен сын. Адвокаттар жұмыс барысында көптеген қиыншылыққа тап болып жатса да «Адвокаттың қызметіне кедергі келтіру» бабы бойынша 30 жыл ішінде бір де бір істің тіркелмеуі үлкен күмән тудырады.
Алдағы форумда осы мәселелер қамтылумен қатар, халықаралық сарапшылар мен көрші елдерден келетін әріптестер адвокатурадағы қазіргі реформалардың қалай жүріп жатқанын айтып бермек. Бұл Қазақстанда адвокатура қызметі заманауи үрдістерге қаншалық ілесіп келе жатқанынан хабар бермек.
Айта кетейік, келелі жиында Халықаралық адвокаттар қауымдастығы, Азия және Тынық мұхиты елдерінің заң қауымдастығы, Еуропа адвокаттар алқасы мен заң қоғамдары кеңесі, Америкалық адвокаттар қауымдастығы өкілдері, сондай-ақ, Түркия, Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан және Қырғызстандағы адвокатураның бірінші басшылары бас қоспақ.