Алматыда мұғалімдер оқушы қызды өгей әкесі зорлады деп жедел жәрдем шақыртқан
Мұғалімдер рұқсатсыз оқушыны гинекологқа алып барған
Алматыда жекеменшік мектептің мұғалімдері 1-сынып оқушысын ата-анасының рұқсатынсыз гинекологқа алып барған. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
7 жасар қыздың ата-анасы жекеменшік мектептің директоры мен мұғалімдерін жауапқа тартуды талап етіп отыр. Баланың анасы қызын психологтың кабинетінде сұрақтың астына алып, содан кейін ата-анасының рұқсатынсыз гинекологқа тексеруге жібергенін айтады. Атышулы оқиға Оқу-ағарту министрлігіне дейін жеткен. Қазір мектепте қызметтік тексеру басталды.
Оқиға өткен жұмада болған. Сабақ кезінде қыз жиі дәретханаға баруды сұрап, өзін нашар сезініп тұрғанын айтып шағымданған. Мұғалім оқушыны алдымен медбикеге, сосын психологқа алып барыпты. Қызбен сөйлескеннен кейін маман “қызды өгей әкесі зорлаған” деген қорытындыға келген. Мұғалімдер дереу жедел жәрдем шақырып, оқушы қызды тексеруге жіберген. Бірақ олар қыздың ата-анасынан рұқсат алмаған.
Біз қатты ашулымыз! Олар өздерінің қате болжамдарымен біздің ар-намысымызға нұқсан келтірді. Бала да психологиялық соққы алды. Балаларымның өгей әкесімен қарым-қатынасы жақсы. Қыздар оны өз әкесіндей жақсы көреді. Мектептегілер 7 жасар баланы түсінбей, оны зорлады деген ойға келген және ауруханаға алып барған. Гинеколог менің рұқсатымсыз қызымды тексерген. Маған ескертсе, бірге барып тексертер едік, – дейді қыздың анасы.
Қызды сотқа дейінгі сараптама орталығына алып барған. Сол жердегі мамандар мұғалімдердің болжамын жоққа шығарды. Оқушы қызға цистит диагнозы қойылды. Сараптама зорлау фактісін растамады. Енді қыздың ата-анасы білім мекемесінің қызметкерлерін жазалауды сұрап отыр.
«Барлық мәселе жекеменшік мектеп қызметкерлерінің кәсіби емес іс-әрекетінен туындап отыр. Балаға моральдық зиян келтірілген. Жанында ата-анасы жоқ 7 жасар баланың жағдайын қалай бағалауға болады? Бейтаныс адамдар шешіндіріп, тексере бастайды. Ол, әрине, жылап, айқайлады. Сондықтан алдағы уақытта мұндай заңсыз әрекеттерге мүлде жол бермеуіміз керек», – деді адвокат Нұржан Қоралбаев.