Мемлекет басшысы Әділет министрі Азамат Есқараевты қабылдады

Динара Амантай

Президент министрге Бас прокуратурамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды

Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Әділет министрі Азамат Есқараевты қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әділет органдарының биылғы 9 айда атқарған жұмысының қорытындысы мен алдағы жоспары баяндалды.

Азамат Есқараев қабылданып жатқан заңнамалық шаралар, атап айтқанда Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару, Әкімшілік құқықбұзушылық кодекстерін оңтайландыру үшін әзірленген заң жобалары, сондай-ақ әкімшілік әділет саласын жетілдіру және кеңейту мәселелері жөнінде мәлімет берді.

Сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу, жылжымайтын мүлікке қатысты құқықтар, нотариаттық, адвокаттық қызметтер, атқарушылық іс жүргізу салаларындағы жаңалықтар және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау шаралары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Азамат Есқараевқа «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңды іске асыруға қатысты заңға тәуелді актілерді жедел қабылдау үшін Бас прокуратурамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуді тапсырды. Сонымен қатар президент заңдар мен заңға тәуелді актілерді қабылдау кезінде мүдделі мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмыс істеп, Конституция талаптарының сақталуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.