Бокстан әлем чемпионаты. Шекербекова мен Жоламан да ширек финалға шықты
1/4 финалға қазақтың алты боксшысы жолдама алды

Түркияның Стамбул қаласында бокстан әйелдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында 52 келіге дейінгі салмақтағы Жайна Шекербекова ширек финалға шықты.
Ол 1/8 финалда жапон Ринка Киношитаны жеңді. Жекпе-жектің бірінші раунды Шекербекованың пайдасына шешілді. Есеп - 4:1 болды. Екінші раунда қазақ боксшысы 2:3 есебімен жеңілді. Ал шешуші раундта Жайна 3:2 есебімен жеңісті жұлып әкетті.
Енді ол ширек финалда Италияның намысын қорғайтын украиналық боксшы Алена Шевчукпен кездеседі.
Ж.Шекербекова - 2010 жылғы Азия чемпионы, 2016 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылы әлемдік доданың күміс медалін алған боксшы.
Одан кейін 2016 жылғы әлем чемпионы Дина Жоламан 54 келіге дейінгі салмақта канадалық Скарлетт Дельгадоны үш раундтың қорытындысы бойынша ұтып, ¼ финалға жолдама алды. Келесі айналымда ол серб Елена Зербичпен қолғап түйістіреді.
Сөйтіп, әлем чемпионатының ширек финалына Карина Ибрагимова, Алуа Балқыбекова, Гүлсая Ержан және Валентина Хальзова, Жайна Шекербекова мен Дина Жоламан шықты.
Бұл жекпе-жектерді QazSport арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Сонымен қатар, кездесулерді телеарнаның ресми сайтынан мына сілтеме бойынша көре аласыздар.