Астанада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы жанданады

Динара Амантай

Жыл сайын мемлекеттік тапсырыстар бөлетін болады

Фото: Halyq Uni

Астанада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы жанданады. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасына жазды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астананы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарға баса назар аудара отырып дамытып жатырмыз.  Мәселен, елордада мемлекеттік балабақшалардың құрылысы 2017 жылы тоқтап қалған. Осы 6 жылда жекеменшік балабақшаларға арналған мемлекеттік тапсырыстар бөлінді. Дегенмен тұрғындар санының өсуін ескерсек, қалада әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік байқалады, – деп жазды әкім.

Сондай-ақ ол осыған байланысты мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қайта бастау туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

Қазір ішкі жұмыстарды жүргізіп жатырмыз: жер учаскелерін анықтап, инженерлік желілер мен басқа да қажетті инфрақұрылымның дайындығын қарастырамыз. Келер жылдан бастап мемлекеттік балабақшалардың құрылысын қаржыландыруды жоспарлайтын боламыз. 60 жер учаскесін белгілеуді жоспарлап отырмыз. Оларды кезең-кезеңімен саламыз. Сол сияқты жекеменшік балабақшаларға да жыл сайын мемлекеттік тапсырыстар бөлетін боламыз. Мысалы, биыл жекеменшік балабақшаларға 10 мың 300 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда орындар саны 5 еседен артық өсті, – дейді Жеңіс Қасымбек.

Оның айтуынша, қазір қалада жеке инвестиция есебінен 17 балабақша салынып жатыр.