Halyq Uni логотип
×

Министр жемқорлық күдігіне ілінген экс-орынбасарына қатысты пікір білдірді

Министрлік саладағы жемқорлықпен күресіп жатыр

 Дәурен Ерболат 03.10.2023 | 14:25
Министр жемқорлық күдігіне ілінген экс-орынбасарына қатысты пікір білдірді
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жемқорлық күдігімен ұсталған бұрынғы орынбасарына қатысты ойын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкіметтің баспасөз орталығында БАҚ өкілі: «Бұған дейін Көкшетауда бірге жұмыс істеген Ислам Ерназар атты қызметкерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұстағаны туралы БАҚ-та ақпарат шықты. Сондай-ақ бұрынғы орынбасарыңыз Ерлан Бекенов ұсталған еді. Бұған қатысты пікір білдіре аласыз ба?» – деген сұрақ қойды.

Сырым Шәріпханов жемқорлық дерегі болғанын растады.

«Иә, осындай фактілер бар, жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде сыбайлас жеморлыққа қарсы қызметпен де жұмыс істейміз. Бұл бағытта біз өте ашықпыз. Біздің өтініштеріміз бойынша өте сапалы жұмыс істеп жатқан сыбайлас жемқорлық қызметінің басшылығына алғыс айтамыз. Сіз айтқан Ислам Ерназар азаматтық қорғаныс академиясында жұмыс істейді. Мен ол адамды жазғыра қараймын. Бірақ маман ретінде жақсы санатта болған. Мен үшін оның мұндай қадамға барғаны күтпеген жайт болды.

Екінші жағдайға тоқталайын. Ерлан Бекенов те заңға қайшы әрекетке барды. Ол үшін жауапкершілік арқалады. Біз жүйедегі жемқорлыққа қарсымыз. Бұл тұрғыда жемқорлық фактілеріне жол бермей және алдын алу бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Ондай адамдар біздің жүйеде қызмет атқармауы керек. Біз ондай фактілерді тамырымен жоямыз, - деді министр.

Сөз соңында ведомство басшысы Ислам Ерназар сот шешімі шықпағанын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама