Төрт жылда мұғалімдердің жалақысы 100% артты

Динара Амантай

Педагогтерге біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді

Фото: Halyq Uni

Еліміздің мектептерінде 350 мыңнан аса педагог еңбек етеді. Оның 220 мыңнан астамына аттестация қорытындысы бойынша тағайындалған біліктілік санаты үшін жалақысына үстеме ақы төленеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, педагог-шеберге 50%, педагог-зерттеушіге 40%, педагог-сарапшыға 35%, педагог-модераторға 30% үстеме ақы қосылады. Еліміз бойынша барлығы 73 мың 820 педагог-модератор, 81 мың 168 сарапшы, 71 мың 141 зерттеуші, 3 мың 482 шебер бар.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 4 жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%, яғни 2 есе артты. Сондай-ақ 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру педагогтерінің еңбекақысы 30% көбейген.

Сондай-ақ 2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге келесі мөлшерлерде біржолғы сыйақы беріледі:

  • l дәрежелі диплом және алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 26,5 еселенген мөлшері;
  • ІІ дәрежелі диплом және күміс медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 17,5 еселенген мөлшері;
  • ІІІ дәрежелі диплом және қола медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық жалақының 8,5 еселенген мөлшері.