×

Ақмола облысында жалақысы қысқарған жұмысшылар наразылық білдірді

«Қазавтожолға» қарайтын қызметкерлер бір мезетте басқа компанияға ауысып кеткен

 Халық үні 02.10.2023 | 23:53
фото: видеодан скриншот

Ақмола облысында жалақысы қысқарған жұмысшылар наразылық білдірді. Астана - Қарағанды автожолын тазартып күтуге жауапты қызметкерлердің айлығы бірден елу пайызға азайған, деп хабарлайды КТК арнасы. 

«Онсыз да жырғап алатын екі жүз мыңымыз енді түсімізге кіріп жүр» дейді ашынған жұрт. Сөйтсе «Қазавтожолға» қарайтын қызметкерлер бір мезетте басқа компанияға ауысып кеткен. Және оны басшылық ескерткен де жоқ дейді жұмысшылар. Дүйсенбі республикалық маңызы бар жолға жауапты мекеменің қызметкерлері үшін жағымсыз жаңалықпен басталды. «Қазавтожолға» қараған бұл ұжым кенеттен бірден басқа компания есебіне ауыса салады. Басшылығы ешкімді құлағдар етіп ескертуді жөн көрмеген.

Айлығы еселеп қысқарған қызметкерлер Астана-Қарағанды жолын күтіп, тазалауға жауапты. Сақылдаған сары аязда да, шілденің шіліңгірінде де табан салдырмай жол тазалау осы кісілердің міндеті. Айтуларынша, жанармай мен құрал-сайманның тапшылығына қарамастан, автобанды ақ ұлпа қар басып қалғанда тазаламаған күні болмаған. Айлық осыған дейін уақтылы беріліп, мереке күндері де сыйақы ешқашан кешеуілдемепті. Тек нағыз былық бір ай бұрын басталған.

 Осы фирмалар ауысқан жағдайда, ешкім келіп бастықтардан түсіндірме жасаған жоқ. Аяқ астынан айлығымыз қысқарып қалды. Алдын ала өз бастықтарымыздан сұраған кезде «ешқандай өзгеріс болмайды, аударыммен ауысады, айлықтарыңа еш өзгеріс кірмейді» деген, - дейді жұмысшылардың бірі Болат Амангелді.

Басшылық осы уақытқа дейін қызметкерлеріне келіп, бет-жүзін көрсетіп, жиналыс ашып, жағдайды түсіндіруге де жарымаған. Сөйтсе ,еш ескертусіз 200 қызметкерді «Қазавтожолдан» «ҚАЖ-Сервис» компаниясына ауыстыра салыпты. Тек жұрт айлықтарының алды елу пайызға, кейбірінікі 30 пайызға қысқарғанынын көріп шу шығарғанда ғана өре түрегелген.

Ал басшылар мәселені шешуге асықпайтын да сыңайлы. Мәселені ушықтырды деп, қызметкерлердің өзін кінәлады. Несиелерін саналамалап, көмір мен ас-ауқатқа әрең тиын-тебен тауып жүргенін айтып, қарамағындағыларға жекіп шыға келді. 

Расын айтқанда, мен сіздерден аз аламын. Мен көтерілмеймін ғой. Жігіттер менде де отбасы бар, көмір керек, анау керек, мынау керек. Кредитім бар. Сендерге айтылды ғой, оны қайта-қайта мыжи бергеннен бірдеңе шыға ма?!», - деді  «КАЖ Сервис» ЖШС бас директорының кеңесшісі Замирбек Катпенов.

Мұндай жауап ашулы жұмысшыларға ұнаған жоқ. Мәселе одан бетер ушыға бастаған соң ғана компания басшыларының жауабы да өзгерді.

«Алған жалақыларыңды тура осылай «КажСервистен» аласыздар. Шарттан бөлек, қазір қалып, барлығын егжей-тегжей түсіндіріп өтейік», - деді «ҚАЖ-Сервис» ЖШС Қарағанды филиалының директоры  Ғалымжан Сейдімханов.

Тараптар осылай ортақ мәмілеге келгендей болды. Тек талап сөз жүзінде қалса, 200 жұмысшы наразылығын жалғастыра бермек. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама