Мектеп директорынан жарылғыш құрылғы туралы хабарлама келіп түскен
Павлодар облысында жалған террорист іздестіріліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін сағат 14:10-да Екібастұз қаласының «102» арнасына мектеп директорынан жарылғыш құрылғы туралы хабарлама келіп түскен. «№26 ЖОББМ дәретханасына бомба қойылды» деген хабарлама директордың қалалық телефонына түскен.
Мекенжай бойынша шұғыл қызметтер дереу жіберілді. Оқу орнының оқушысы мен персоналы эвакуацияланды. Оқиға орнында саперлер жұмыс істеуде, ғимаратқа және оның айналасына тексеру жүргізіліп жатыр. Жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Осы фактіге қатысы бар адамды анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау қылмыстық құқықбұзушылық болып табылатынын және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады.