Бірқатар өңірде жылыту маусымы басталды
Жылу қазандықтары тозған қалалардағы жағдай бақылауда
Қазақстанның бірқатар өңірінде жылыту маусымы басталды, деп хабарлады Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Бүгінде жылыту маусымы Астана қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында басталды. Ең алдымен жылу әлеуметтік нысандарға берілді.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 24 әлеуметтік нысанның 23-і немесе 96%-ы жылуға қосылды. Тұрғын үйлерге ыстық су берілді. Павлодар облысының Екібастұз қаласы бойынша 90 әлеуметтік нысанның 26-сы немесе 28,8%-ы іске қосылды. Астана қаласында 240 әлеуметтік нысанның 86-сы немесе 35,8%-ы қосылды, - деп жазылған хабарламада.
3 қазанда Алматы облысында, 10 қазанда Ұлытау облысында, 15 қазанда Алматы, Абай, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстарында жылыту маусымы басталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 20 қазанда Шымкентте, 25 қазаннан бастап Түркістан облысындағы нысандарға жылу беріле бастайды.