Танымал рэпер Astana баскетбол клубына басшы болды (ВИДЕО)
Ол өзінің Youtube әлеуметтік желісіндегі арнасында Big Som деген лақап атымен әндер шығарып, танымал болған продюсер

Ақтау қаласының рэп-музыканты Самон Аракелян «Astana» баскетбол клубының бас директоры болып тағайындалды.
Осыған байланысты Astana баскетбол клубының сайтында «Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қоры команданың бұрынғы басшысы Валерий Тихоненкоға Қазақстан баскетболын дамытуға сіңірген еңбегіне алғыс айтып, жаңа жұмыста жетістіктерге жетуіне тілектестігін білдіріп, клубтың жаңа басшысы туралы мәлімет берді.
«Туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының шешімімен осы кезге дейін Astana баскетбол клубын басқарып келген Валерий Тихоненконың орнына «Каспий» командасына жетекшілік еткен Самон Аракелян келді.
Ол 1978 жылы 28 наурызда Ақтау қаласында туған. Бұған дейін Маңғыстау облысының баскетбол федерациясының президенті мен Халықаралық баскетбол федерациясында (FIBA) техникалық делегат болып қызмет етіп, «Каспий» командасын басқарған.
Сонымен бірге ол өзінің Youtube әлеуметтік желісіндегі арнасында Big Som деген лақап атымен әндер шығарып, танымал болған продюсер», - делінген хабарламада.