Жұмыс орнын субсидиялау, қымбат алкоголь, ерікті вакцинация: қазанда қазақстандықтарды қандай өзгеріс күтіп тұр?

Айнұр Шошаева

Бүгіннен бастап елде микронесие бойынша сыйақының шекті сомасы өзгереді

коллаж: Halyq Uni

Бүгін елімізде тұмауға қарсы екпе кампаниясы басталды. Қазанда қазақстандықтарды басқа да өзгерістер күтіп тұр, деп хабарлады Halyq uni.

Қазір елімізде аудан әкімдерінің сайлауына үміткерлерді тіркеу жүріп жатыр. Еске сала кетсек, қарашада Қазақстанда аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өтеді. ОСК мәліметінше, сайлау науқаны 17 өңірді қамтиды.

Сонымен қатар 1 қазанда елімізде тұмауға қарсы екпе кампаниясы басталды. Емханаларда вакцинаны медициналық қызметкерлер, денсаулығына байланысты диспансерлік тіркеуде тұрған, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалар мен эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты инфекция жұқтыру тәуекелі жоғары топқа жататын азаматтар тегін ала алады. Ал қалған азаматтар өз еркімен вакцинаны ақылы түрде салдырады.

1 қазаннан бастап Еnbek.kz порталында жұмыс берушілерден субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдер қабылдау басталды.

Жұмыс берушілер өз кәсіпорнында субсидияланатын жұмыс орындарының мынадай түрлерін ұйымдастыра алады:

  • қоғамдық жұмыстар;
  • жастар практикасы;
  • әлеуметтік жұмыс орындары;
  • «Алғашқы жұмыс орны»;
  • «Ұрпақтар келісімшарты»;
  • «Күміс жас» жобалары шеңберінде жұмыс орындары.

Жұмыс беруші қосымша жұмыс орындарын ұйымдастырады, ал мемлекет жұмысшылардың жалақысын толық немесе ішінара төлейді. Өтінімдер 2023 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады. Жұмыс беруші Еnbek.kz-тегі жеке кабинет арқылы жұмыс орнын құруды жоспарлап отырған өңірдің мансап орталығына онлайн-өтінім бере алады. Еnbek.kz-те мансап орталығымен келісімшарт жасасқаннан кейін тіркелген жұмыссыздар арасынан лайықты кандидатты таңдап, оны жұмысқа қабылдауға, сондай-ақ қабылданған жұмысшының уақыт кестесін ай сайын онлайн жіберуге болады.

Айта кетейік, қазақстандықтарды субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін түрлі бағдарламаларға 2023 жылы 47 мың жұмыс беруші қатысып жатыр, нәтижесінде 176 мыңнан астам қазақстандық жұмысқа орналастырылды.

МИКРОНЕСИЕ СЫЙАҚЫСЫНЫҢ ШЕКТІ СОМАСЫ ӨЗГЕРЕДІ

Тағы бір жаңалық, микронесие ұйымдарына жүгінетін қазақстандықтарға қатысты. Бүгіннен бастап елде микронесие бойынша сыйақының шекті сомасы өзгереді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қаулысымен микронесие беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәніне өзгерістер енгізілген болатын.

Соған сәйкес, 2023 жылғы 1 қазаннан бастап жеке тұлғамен жасалған 45 күнтізбелік күнге дейінгі кезеңге кепілсіз микронесие беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні мынадай мөлшерде белгіленеді:

  • күніне 1%-дан кем, бірақ берілген микронесие сомасының 20%-дан, АЕК-тің 30 еселенген мөлшерінен аспайтын (2023 жылы 103 500 теңге);
  • күніне 1%-дан кем, бірақ берілген микронесие сомасының 15%-дан аспайтын, АЕК-тің 30 еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын.

Сонымен қатар, жеке тұлғамен жасалған кепілмен қамтамасыз етілген мүлікті микронесие беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні күніне 0,8%-дан аспайтын, бірақ содан 20%-дан аспайтын мөлшерде белгіленеді.

АЛКОГОЛЬ ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қазақстанда ішімдіктің ең төменгі бағасы көтеріледі. Алкоголь өнімдерінің жаңа ең төменгі бағасы бекітілді. Мемлекет кейбір тауарлар мен қызметтердің құнын олар үшін шекті бағаларды енгізу арқылы реттей алады. Бұл – ең алдымен темекі және алкоголь өнімдеріне қатысты.

Еске сала кетсек, 1 шілдеден бастап Қазақстанда бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 710 теңгеге дейін өсті. Содан кейін бағаның өсуі күшті алкоголь өнімдеріне де әсер етеді. Қазір 1 литр арақ немесе ликер Қазақстанда кемінде 1 980 теңге, ал 1 литр коньяк немесе бренди 2 930 теңге болуға тиіс. Маусым айында Үкімет осы алкогольдік ішімдіктердің ең төменгі құнын арттыру туралы ұсыныс жасаған болатын. Соған сәйкес, 1 қазаннан бастап 1 литр арақ пен ликер сияқты ішімдіктердің ең төменгі бағасы 2 100 теңгеге дейін, ал коньяк пен бренди 3 110 теңгеге дейін көтеріледі.

АСТЫҚ ИМПОРТЫНА ШЕКТЕУ

Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен 2023 жылғы 11 қазаннан бастап үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салу ұзартылды. Лицензияланған элеваторлардың, астық өңдеушілердің және құс шаруашылығы кәсіпорындарының атына бидай әкелуді қоспағанда, үшінші елдерден және ЕАЭО елдерінен темір жол көлігімен Қазақстан аумағына бидай әкелуге 6 ай мерзімге тыйым салу белгіленді. Осылайша, бидайдың кез келген тұтынушысы оны лицензияланған элеваторлар арқылы импорттай алады.

Бұл шектеулер Қазақстан аумағы арқылы бидайды темір жол көлігімен транзиттік тасымалдауға қолданылмайды.