Түркі елдерінде отандық тележобалар мен сериалдар тұрақты көрсетілетін болды
«Qazaqstan» РТРК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Илхам Ибрагим әлеуметтік желіде Түркияның Стамбул қаласында телерадиокорпорация мен түркі елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары арасында нақты келісімдердің жасалғанын жариялады.
Оның айтуынша, келісімдер нәтижесінде Әзербайжанның балалар арнасында «Balapan» телеарнасының өнімдері мен Өзбекстанның басты мемлекеттік арнасында отандық тележобалар мен сериалдар тұрақты көрсетілетін болды.
Сондай-ақ, ол кездесуде «Qazaqstan» РТРК АҚ пен Түркияның «TRT» телерадиокомпаниясы бірігіп телехикая түсіру мәселесін қарастырғанын айтты.
Түркия тарапы домбыра мен қазақ күйлеріне қызығушылық танытып жатыр. Осыған байланысты біз түрік арналарында деректі фильмдеріміз бен жобаларымызды көрсету мәселесін пысықтадық, - деді И.Ибрагим.
Сонымен бірге ол Ақпарт және қоғамдық даму министрі Асқар Омаровтың Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің жетекшісі Хикмет Гаджиев бастаған осы елдің БАҚ саласының өкілдерімен кездесіп, «Balapan», «Kazakh tv», «Хабар24» телеарналарын Апшерон түбегіндегі елде көрсету мәселесін талқылағанын атап өтті.
Кездесуде министр отандық телеарналардың Әзербайжан аумағында хабар таратуын қамтамасыз ету үшін нақты шаралар қабылданатынын айтып, әзербайжан мамандарын Astana Media Week форумына шақырды.
Әзербайжан тарапы Қазақстанның БАҚ саласындағы, оның ішінде анимация өндірудегі тәжірибесіне қызығушылық танытып, іс-шараға қатысуға ниетті екендіктерін жеткізді.
Қазір «Qazaqstan» телерадиокорпорациясына қарасты «Balapan» арнасынан көрсетілетін контенттің 80 пайызы анимациялық жобалар. Осы ретте, «Qazaqstan», «Abai tv» телеарналары мен Қазақ радиосы бұған дейін де түркітілдес елдермен бірлескен бірнеше жобаны іске асырғанын айту керек.