Halyq Uni логотип
×

Қостанайда мемлекеттік мекеме басшысы 15 тәулікке қамалды

Сондай-ақ 8 жыл бойы транспорттық құралды басқару құқығынан айырылды

 Халық үні 14.12.2021 | 14:20
Қостанайда мемлекеттік мекеме басшысы 15 тәулікке қамалды
көрнекі фото: zr.ru

Қостанай қаласы әкімдігіне қарасты «Қостанай-Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы 15 тәулікке қамалып, 8 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Бұл туралы Қостанай облыстық сотының ресми сайтында жарияланды.

Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Қостанай әкімдігіне қарасты «Қостанай-Су» МКК басшысына қатысты әкімшілік істі қарады.

Сотта анықталғандай, 2021 жылы 27 қарашада Chevrolet маркалы автокөлігін тізгіндеген Ф. есімді азамат ішкі істер органдары қызметкерлерінің алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаңдықты анықтау үшін медициналық куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамағаны дәлелденді.

Азамат Ф. өз әрекеті үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабы 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Ол 15 тәулікке қамауға алынып, 8 жылға транспорттық құралды басқару құқығынан айырылды. Қаулы заңды күшіне енді, - делінген сот мәліметінде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама