Украиналық этно-рэп топ Eurovision байқауын жеңіп алды (ВИДЕО)
Украин өнерпаздары конкурста 631 ұпай жинады
Италияның Турин қаласында Eurovision ән байқауы аяқталды.
Байқауда украиналық Kalush Orchestra этно-рэп тобы жеңіске жетті.
Конкурстың финалы аса қызықты және тартысты өтті. Әуелі қазылар алқасы дауысының нәтижесі бойынша украин тобы төртінші орында келе жатқан еді. Алайда соңынан халық дауысының көрсеткіштері жарияланғанда... Kalush Orchestra үлкен басымдықпен бірінші орыннан бір-ақ шықты.
Көрермендер украиналықтарға мүмкін болған 480 ұпайдың 439 ұпайын санап берген. Соның арқасында өнерпаздар 631 ұпай жинап, Eurovision ән байқауын жеңіп алды. Олар Stefania әнін орындап, көрерменнің көңілінен шықты.
Kalush Orchestra тобы төртінші орында тұрғанда 283 ұпаймен ұлыбританиялық музыкант Сэм Райдер алдына жан салмай келе жатқан еді. Одан кейін 258 және 231 ұпаймен Швеция мен Испанияның өкілдері бас жүлдеден үміттеніп, жарысқан болатын. Бірақ, украиндар соңын ала мәреге бірінші болып жетті. Олар көбінесе Еуропа мен Австралия халқының дауысымен бас жүлдені алып кетті.
Бұл - Украинаның халықаралық ән байқауындағы 2004 және 2016 жылдардағы жеңістерден кейінгі үшінші жетістігі.
Дәстүр бойынша келесі жолы байқау жеңімпаз болған өнерпаздардың елінде өтуі тиіс. Демек, Украинадағы соғыс бітсе, Eurovision осы елде болады.