Halyq Uni логотип
×

БҚО-ның білім беру ұйымдарында 131 млн теңгеден аса ақша ұрланған

Талдау кезінде бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды

 Динара Амантай 30.09.2023 | 12:22
БҚО-ның білім беру ұйымдарында 131 млн теңгеден аса ақша ұрланған
Фото: Halyq Uni

Батыс Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Сабуров, қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалардың басшылары қатысты.

Отырыс барысында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы мәселелер қаралды.

Департамент басшысы Әділхан Сабуров өз баяндамасында айтып өткендей, өңірдегі сыртқы талдау барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Атап айтқанда, білім беру қызметін іске асыру кезінде; бірінші басшыларды ротациялауды іске асыру кезінде; жұмысқа қабылдау кезінде; нормативтік оқу жүктемесін бөлу кезінде; мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде; бюджет қаражатын ұрлау белгілерімен жемқорлық тәуекелдері анықталды.

14 білім беру ұйымдарында жалпы сомасы 131 млн 366 мың теңгеге бюджет қаражатын ұрлау белгілері бар фактілер іріктеп зерделеу арқылы анықталды. Сонымен қатар, Чуваш орта жалпы білім беретін мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуді аяқтаудың жоспарлы мерзімдерінің бұзылуы анықталған болатын. Бұл ретте Тапсырыс беруші Бәйтерек ауданының білім бөлімі басшысының атынан тиісті жұмыстарды жүргізбестен жалпы сомасы 8 млн теңгеден астам бюджет қаражатын аударып, сол арқылы мемлекетке залал келтірілді, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты профилактикалық іс-шаралар шеңберінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша тиісті ұсынымдар ұсынылды.

Сондай-ақ, отырыс барысында анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы уәкілетті органдар басшыларының есебі тыңдалды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов департамент басшысының көтерілген мәселелер бойынша ұсынымдарын қолдап, уәкілетті органдардың басшыларына, сондай-ақ қалалар мен аудандардың әкімдеріне сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және жіберілген бұзушылықтарды жою жөніндегі шараларды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, ол барлық іс-әрекеттерде әділдік, адалдық және ашықтық принциптерін сақтау қажет екенін ескертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама